Ақтауда 3 шілде күні ұлттық спортқа арналған «Мергендер мекені» реалити жобасының іріктеу кезеңі өтеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аталған жоба күзгі жаңа телевизиялық маусымда «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында эфирге шығады. Реалити-шоу форматындағы ауқымды жобаның мақсаты – ұлттық садақ ату өнерін қайта жаңғыртып, спорттың осы түрімен айналысатын қазақстандықтарды насихаттау.
Жоба барысында республиканың әр өңірінен қатысушылар дәстүрлі садақ атудан сайысқа түсіп, мергендігін сынайды. Телевизиялық сайыс финалында озық шыққан жеңімпазға демеушілер есебінен Астана қаласынан пәтер сыйға беріледі.
Жобаға 15 жастан асқан қазақстандықтар қатыса алады. Өтінімдер qazaqstan.tv сайтында 2023 жылғы 18 маусымнан бастап 12 шілдеге дейін қабылданады.
Жобаның іріктеу кезеңдері елдің 17 облысы мен 3 қаласында өтеді:
24 маусым - Алматы қаласында; (Алматы қ-сы, Алматы облысы)
28 маусым - Түркістанда (Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан);
3 шілде - Ақтауда (Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Қызылорда);
9 шілде - Ұлытауда (Жезқазған, Павлодар, Семей, Өскемен, Талдықорған);
13 шілде - Бурабайда (Астана, Көкшетау, Қостанай, Петропавл, Қарағанды).
Ұйымдастырушылардың айтуынша, өтінімдер қабылдау әр аймақтағы түсірілім күнінен екі тәулік бұрын тоқтатылады. Ел бойынша әр облыс пен қаладан 10 садақшыдан (ерлер және әйелдер) іріктеледі. Жоба ережесі бойынша әр аймақта жарысқа қатысушыларды дайындайтын тұрақты кеңесші жəне жаттықтырушы кəсіби садақшылар болады. Тұрақты кеңесшісі - Дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті, Қазақстанның аға жаттықтырушысы Диас Ахметов.
Жоба финалы 27 шілдеде Астана қаласында өтеді деп жоспарланған.
Қосымша сұрақтар бойынша 8 (747) 900 00 09 нөміріне хабарласа аласыздар.