Оқу-жаттығудың саптық көрсетіліміне Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев және Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының уақытша міндетін атқарушы Бекболат Әбдіқадыров қатысып, азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдардың әзірлігін тексерді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың саптық көрсетілімінде 250 жеке құрам және 78 техника жұмылдырылды. Көктем мезгілінде көрсетілетін қызметтерге дайын құрылымдар қатарында су, сауда және тамақтандыру, радиациялық және химиялық қорғау, хабардар ету және байланыс, энергетика, жанар-жағармай, ақпарат, қоғамдық тәртіпті қорғау және өрт сөндіру қызметі бар. МО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының уақытша міндетін атқарушы Бекболат Әбдіқадыров барлық қызметтердің бір-бірімен байланысы атап өтті.
- Қала аумағында барлық қызметтер өзара байланысын күшейту қажет. Бұл төтенше жағдай туындаған жерге қызметкерлердің жедел жетуіне жағдай жасайды. Жеке құрамдағы қызметкерлердің қауіпсіздігін де қамтамасыз ету қажет. Барлық қызметкерлерде противогаз болуы керек, - деді Бекболат Әбдіқадыров.
Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы жыл сайын өткізіледі. Ақтау қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Қабілет Ещановтың айтуынша, барлық азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдар көктем мезгіліне дайын.
- «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың негізгі мақсаты - төтенше жағдайлардың алдын алу, оларды жою және азаматтық қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру. Оқу жаттығудың сценарийіне сәйкес қатты жауын-шашын салдарынан жеке тұрғын үйдің шатырынан су кетті. Аталған жағдайға байланысты жедел құтқару тобы авариялық құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл оқу жаттығудың сценарийі бойынша төтеншеліктердің дайындығын пысықтау бағытында ұйымдастырылып отыр, - деді Қабілет Ещанов.