Бүгін Ақтау қалалық қоғамдық коммуникация орталығында Иран Ислам Республикасына барып келген маңғыстаулық делегация өздерінің жұмыс сапары туралы қорытындылап айтып берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев сапар барысын баяндап, бір апталық іссапар екіжақты ынтымақтастықтың артуына, депутаттардың тәжірибе алмасуына септігін тигізгенін айтты. Сондай-ақ, денсаулық, кәсіпкерлік, туризм салалары бойынша бірқатар жобалар таныстырылып, экономикалық, сауда және мәдени байланыстардың нығайтатын келісімдер мен ұсыныстар болғанын айтты.
«Қазіргі таңда Маңғыстау облысы мен Мазандаран провинциясының арасында сауда қарым- қатынасы жүріп жатыр. Алайда сауда айналымының көрсеткіші төмен деңгейде. Себебі Иранмен сауда қатынасы бойынша Маңғыстауда 95 пайыз импорт болатын болса, экспорт 5 пайыз болып тұр. Осы мәселелерді зерттеп, Мазандаран првинциясының губернаторымен, лауазымды тұлғаларымен кездестік. Бірқатар сұрақтарды талқыладық. Соның ішінде тек қана өнеркәсіп, ауылшаруашылық, балық шаруашылығы ғана емес, туризм, спорт, мәдениет, тағы басқа да салаларда қарым -қатынасты күшейту бойынша келіссөздер болды», - деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов.
Делегация мүшелері Иранның сауда өнеркәсіп палатасында үлкен сауда өнеркәсіп басшылары және құрылтайшыларымен кездескенін айтты. Иран тарапы Қазақстанда өздерінің сауда логистикалық қызметпен айналысатын компаниясының Маңғыстау облысында филиалын ашуға, ирандық өнімдерді Қазақстанға жеткізуге қызығушылық білдірген.
«Иран елі Қазақстаннан қой және сиыр етін Мазандаран првинциясына тасымалдау бойынша көмек көрсетуді сұрады. Ол бойынша тиісті жұмыстар жүргізетін боламыз. Сондай-ақ, Ирандағы сүт өнімдерін дайындайтын үлкен кәсіпорын өкілдерімен кездестік. Олар сүт өнімдерінің 500 түрін шығарады екен. Қазіргі уақытта Қазақстанға да өнімдерін жеткізіп отыр. Ендігі жерде Алматыда филиал мен қоймаларын ашуды жоспарлап отыр. Біз өз кезегімізде 3 сауда портын, сауда экономикалық аумағымыз бар екенін айтып, иран кәсіпкерлеріне жеңілдіктер жағы қарастырылатынын жеткіздік. Олар да өз аймақтарында қазақстандықтардың өндіріс орындарын ашуға болатынын айтты», - деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов.
Қазақстандық делегация сапар аяғында екі елге ортақ тұлға Әл Фараби жайында сөйлесіп, алдағы уақытта бірлесіп ғылыми практикалық конференция өткізуді ұсынған. Сонымен қатар сонау 1920-1930 жылдары қиын -қыстау заманда көшіп кеткен ата- бабаларымызға қоныс беріп, бір нанды бөліскендері үшін алғыс айтқан.