Бағдарламалау марафоны аясында IT саласы мамандары өңірдің туристік әлеуетін көтеретін цифрлық жобаларды ұысынады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Маңызды іс-шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының бастамасымен, сондай-ақ Маңғыстау облысы әкімдігі және «Astana Hub» компаниясының қолдауымен өтіп жатыр.
Басты мақсат – жаңа IT жобалар мүмкіндіктерін өңір туризмін өрістету мен туристер легін ұлғайтуға, арнайы табиғи туристік маршруттар мен соқпақтарды әзірлеуге бағыттау.
Хакатонға 30 қатысушыдан құралған 12 команда қатысып, бақ сынасып жатыр.
«ІТ – мамандар туристердің тиімді саяхаты үшін аса қолайлы бағдарламалар мен мобильдік қосымшаларды ойлап табады. Бұл бір тараптан гидтер мен экскурсоводтардың қызметін оңтайландыруға, туристерді саяхат маршруттары туралы толық ақпаратпен қанығуына, гид-жолсерікпен үздіксіз әрі кедергісіз байланыс орнатуына мүмкіндік береді,»,-дейді ұйымдастырушылардың бірі «Kazakh tourism» ұлттық компаниясы цифрландыру бөлімінің басшысы Қуаныш Дайырбеков.
Шараның бірінші күнінде қатысушыларға хакатон ережелері мен байқаулар кестесі және жобаларды бағалау критерийлері таныстырылды. Екінші күн жаңа жобаларды жасақтау мен іс жүзінде әзірлеуге арналады. Хакатонның үшінші күні командалар өз жұмыстары мен шешімдерінің ерекшеліктері туралы егжей-тегжейлі баяндап, өз жобаларын ұсынады. Шара соңында үздік жоба ұсынған командаларды марапаттау рәсімі өтеді.
Хакатон аясында IT-сарапшылардың лекциялары мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылып жатыр.
«Мұндай іс-шара жас мамандар үшін тың идеяларды ұсынуға және оны жүзеге асыруға мүмкіндік берді»-, дейді хакатонға қатысушы алматылық Саяжан Совет.
Голрох Жеменей