Ақтауда «Біз – күн перзентіміз» атты ІІІ халықаралық балалар шығармашылық фестивалі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған іс-шара Маңғыстау облысының 50, Ақтау қаласының 60 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды. Үш күнге созылған байқауда жүзге жуық ән, 30 би және 40-тан астам аспаптық шығармалар орындалды. Мәдени іс-шараға Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали қатысып, фестивальдің маңыздылығын атап өтті.
-Құрметті «Біз – күн перзентіміз» халықаралық фестиваліне қатысушы өнерпаздар, қала тұрғындары мен қонақтары! Бұл байқау балалар мен жасөспірімдердің өнерін дамытып, халықаралық мәдени байланысты нығайтуға бағытталған. Фестиваль әр өнерпаздың талантын шыңдай түскеніне сенімдімін. Дарынды жас өрендердің өнері өрге жүзсін! - деді қала әкімінің орынбасары Нұртас Сали.
Фестивальдің жабылу салтанатында байқау қатысушылары өз өнерін көрсетті. Солардың бірі «Алтын арай» би ансамблі. Аталған би тобының мүшесі Аяулым Таңсықова байқауға үлкен дайындықпен келгендігін айтты.
-Біз бұл фестивальға үлкен дайындықпен келдік. Жақсы өнер көрсеттік деген ойдамын. Бірінші кезеңде қазақ биін, ал екінші кезеңде өзбек биін биледік. Бұл фестивальға әр елден келген мықты өнерпаздар жиналды, - деді қызылордалық биші Аяулым Таңсықова.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар диплом және кубоктармен марапатталды. Бас жүлдеге хореография номинациясы бойынша Қырғызстаннан келген «Жаш Канат» би ансамблі, халықтық орындау номинациясында қызылордалық Шыңғыс Алтайұлы ие болды. Ал вокал номинациясы бойынша ақтаулық Айару Қимағанбет бас жүлдені қанжығасына байлады.