2024 жылы Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы базасында ревматологиялық орталықты ашу жоспарланып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстауға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас ревматологы, «Қазақ ревматологтар кеңесі» ҚБ төрағасы, Еуразиялық ревматологтар лигасының президенті Ғалымжан Асылбекұлы Тоғызбаев жұмыс сапарымен келді. Облыстық ауруханада өткен жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дүйсенбаева Бибизада Әшімқызы, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау мекемесінің штаттан тыс ревматолог-дәрігері Асылхан Куановна, Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы директорының орынбасары, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау мекемесінің штаттан тыс кардиолог-дәрігері Разбекова Аргүл Қайратқызы, облыстық аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Башиева Айнагүл Сейітжанқызы, сондай-ақ аурухананың ревматолог-дәрігерлері мен медицина қызметкерлері қатысты.
– Облысқа келгендегі басты мақсатым – жергілікті ревматологтардың жұмысымен танысып, алдағы уақытта орындалатын жобаларды талқылау. Атап айтқанда, Маңғыстау облыстық ауруханасында халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейтін ревматологиялық орталық пен гендік-инженерлік терапия кабинетін ашу. Біз халыққа сапалы көмек көрсету және жоғары технологиялық емдеу әдістерін құру, көрсету бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары ұйымдастыру-әдістемелік көмек көрсету мақсатында облыстағы ревматологиялық қызметтің бүгінгі жағдайына талдау жүргізді. Ковидтен кейінгі кезеңде айқын байқалатын ревматологиялық аурулардың тұрақты өсуін ескере отырып, орталықтың ашылуы уақытылы қабылданған әрі қажетті шара болмақ, - деді медицина ғылымдарының докторы, профессор Ғалымжан Асылбекұлы Тоғызбаев.
Мамандар буындар мен бұлшық еттердегі кез келген ауырсыну екі аптадан асса, онда бірден ревматологпен кеңесу керек екенін тілге тиек етті.
- Бұл жағдайда созылмалы ауырсынуды болдырмау үшін терапевт, невропатолог немесе ревматологпен байланысу керек. Созылмалы ауырсынуды бақылау қиынырақ. Айта кетейік, 2023 жылдың 6 айында Маңғыстау облысында 2 844 ревматикалық науқас тіркелген. Ревматикалық сипаттағы аурудың басталуы триггер жағдайлармен байланысты болуы мүмкін: стресс, бұрынғы инфекциялар, соның ішінде коронавирус, туберкулез, жедел гепатит және т.б. Ревматикалық аурулардың тағы бір расталған және тәуелсіз қауіп факторы - темекі шегу. Ревматологиялық орталық аурудың ерекше ауыр жағдайларымен айналысатын болады. Мұнда емделушілер жеке терапиядан өтіп, дәрігердің рецепті бойынша емделіп, қандай дәрі-дәрмек қажет екенін біле алады. Орталық тәулік бойы жұмыс істейтін стационар үшін 30 төсектік және күндізгі стационар үшін 9 төсек-орынмен жабдықталады. Бұл мұқтаж науқастарға қажетті көлемде кешенді мамандандырылған ревматологиялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс ревматологы, № 2 Ақтау қалалық емханасының ревматолог дәрігері Асылхан Қуанқызы Нұрғожаева.
Айта кетейік, бүгінде облыс 400 мыңнан астам адамды ревматологиялық қызметпен толық қамтамасыз ете алмай отыр. Оған себеп - мамандардың жетіспеушілігі. Облыста небәрі 7 ревматолог-дәрігер болса, оның екеуі - Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында, бір маман - Жаңаөзен қаласында, ал төртеуі Ақтау қаласындағы емханаларда жұмыс істейді.