Тұрғындар кеше кештен бері жарықсыз отыр. Жарық жоқ болған соң су келмейді, жеделсаты да жасамайтынын айтып шағымдануда, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
АЭЖБ МКК 33 шағынауданда жарықтың авариялық өшуі болғанын мәлімдеді. Тексеру барысында ТП 33-21, ТП 33-22 подстанцияларынан шығатын екі басты кабельдің зақымдануы анықталып, лаборатория түнде ақауды іздеу жұмыстарын жүргізді.
- Ол үшін арнайы техника жерді қазып, ақауды анықтап, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Алайда сынақ кезінде басты кабельдің тағы 3 жерден зақымдалғаны анықталды. Қазіргі кезде лаборатория 5-ақауды анықтап, жөндеп жатыр. Егер сынақтан өтсе, зақымдалған жерден 15 метр кабельді ауыстырып, жарықты қосады. Бұл жұмыстарға шамамен 2 сағаттай уақыт кетеді. Құрметті тұрғындар, жасалып жатқан жұмыстарға түсіністік тануыңызды сұраймыз. Мамандар бар күштерін салып, күні- түні жұмыс істеп жатыр, - делінген хабарламада.