Ақтауда Әмин Елемесұлы Тұяқовтың құрметіне орай биыл XIV рет 2006-2007 және 2009-2010 жылдары туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында жеңіл атлетикадан «Әминиада-2023» республикалық жарысы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Турнирге арнайы Әмин Тұяқов және жұбайы Алма Досымбаева келіп қатысты. Сондай-ақ іс-шараның ашылу салтанатына Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев, Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев қатысты.
Жарыстың қорытындысы бойынша 200 метр қашықтыққа жүгіруден қыздар арасында І орынды Ақтілек Қонысбай, ІІ орынды Ангелина Кузьмичева, ІІІ орынды Дениз Асланова, ұлдар арасында І орынды Арсен Алибеков, ІІ орынды Артём Кушнарёв, ІІІ орынды Роман Ибрагимұлы иеленді. Ал 800 метр қашықтыққа жүгіруден қыздар арасында І орынды Софья Пашкова, ІІ орынды Полина Горбатникова, ІІІ орынды Таисия Лоскутова, ұлдар арасында І орынды Наби Орынбасар, ІІ орынды Расул Шораханов, ІІІ орынды Данияр Турсынов иеленді.
1500 метр қашықтыққа жүгіруден қыздар арасында Софья Пашкова жеңіс тұғырының бірінші сатысынан көрінсе, Нурай Азимуратова екінші орынға, Диана Салмина үшінші сатыға көтерілді. Ал ұлдар арасында жүлдегерлер қатарынан Наби Орынбасар, Расул Шораханов, Данияр Турсынов көрінді.
Әмин Тұяқов - КСРО еңбек сіңірген спорт шебері. Ол 10 жыл бойы жеңіл атлетикадан КСРО құрама командасының құрамында өнер көрсетті. Сонымен қатар КСРО чемпионаттарында 6 рет чемпион, 10 рет жүлдегер атанған. 14 рет КСРО Қарулы Күштерінің чемпионы атағын алды. ХХ ғасырдың ең мықты спортшыларының ондығына кірді. Дүбірлі дода танымал тұлғаның есімін әйгілеу. әрі өскелең ұрпаққа өсиеттеу мақсатында 2009 жылдан бері үзбей өткізіліп келеді.
Аталған жарыс 29-30 қыркүйекте Ақтау қаласында «Маңғыстау Арена» спорт кешенінде өтті. Жарысқа Орал, Ақтөбе, Жаңаөзен, Ақтау қалаларынан және Түпқараған, Қарақия,Мұнайлы, Бейнеу,Маңғыстау аудандарынан барлығы 12 команда, 192 адам қатысты.