Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы жұмыссыз жастар арасында мобилография, графикалық дизайн курсын ұйымдастырды. Мобилография курсы үш күнге созылды, оған маңғыстаулық 30 жұмыссыз жас қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған шеберлік сабағына қатысуға төрт жүзге жуық жастан өтінім түскен. Алайда олардың арасынан тек санаулы ғана бөлігі таңдап алынды, әсіресе, декреттік демалыстағы аналарға басымдық берілді.
Курсты New York фильм академиясында тәжірибеден өткен мобилограф Карина Түгелбайқызы жүргізді. Ол видео түсірудегі маңызды ережелер мен қызықты, өтімді монтаж жасауды үйретті. Қурсқа қатысқандардың ең үлкені 1990 жылғы болса, ең жасы 2008 жылы туған жасөспірім.
Сонымен қатар жұмыссыз жастарды жаңа мамандыққа баулу мақсатында графикалық дизайн курсы өтті. Курсқа іріктелген 30 адам қатысып, шеберліктерін шыңдады. Курсты Digital иллюстратор, растрлық және векторлық иллюстрация эксперті Жанна Махьянова жүргізді.
Сабақ барысында афиша, баннер, визитка жасауды үйретті. Оған қоса қатысушыларға түстердің байланысы, қазіргі трендтер мен өзгерістер жайлы ақпарат берді.
«Кәсіптік оқытудың мақсаты - өңірдегі жұмыссыз жастарды жаңа мамандықты меңгерту, қолда бар мүмкіндігімен табыс табуға мүмкіндік беру. Сол себепті декретте отырған және көпбалалы аналарға, жұмыссыз жүрген жастарға басымдық берілді. Тәлімгер ретінде өңірге белгілі, жұмыс тәжірибесі, жетістігі бар мамандар таңдалды. Алдағы уақытта да мұндай оқыту шаралары жалғасады», – деді Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлмира Бурхандинова.