Ақтау қаласында мамыр айынан бері жоспар бойынша 15 920,14 м2 жол белгісі жаңартылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мамыр айынан бастап жол таңбаларын жаңарту, жол белгілерін салу, жаяу жүргіншілерге арналған жолақтарды сызу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда Ақтау қаласының 10, 14, 16, 30 және 34 шағын ауданындағы жол белгілері мен жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар сызылды.
Мамандардың айтуынша, жол белгілері мен таңбалардың жаңартылуы көшедегі кептелісті және авариялық жағдайлардың туындауын азайтады.
- Жоспар бойынша тиісті жұмыстар жасалуда. Мердігер компания бекітілген сызбаға сәйкес күндізгі және түнгі уақытта жол сызықтары мен белгілерін ретке келтіріп жатыр. Аталған жұмыстар қыркүйек айына дейін жалғасады, - деді Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Нұрмұхан.