4 мамыр күні Ақтау қаласындағы «Жас Қанат» спорт кешенінде «SUPER BOL» жобасының екінші маусымының іріктеу кезеңі басталды. Мақсаты - жастардың арасындағы талантты, бірақ кәсіби келісімшарты жоқ футболшыларға кәсіби мамандармен екі ай көлемінде жаттығуға мүмкіндік беру, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жас қанат» спорт кешенінде өтіп жатқан шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, жергілікті спорт басқармасының өкілдері, қала тұрғындары мен іріктеуге келген спортшылардың жақындары қатысты.
Жоба бір айдың ішінде Қазақстанның он төрт өңірін аралап, 16-23 жас аралығындағы талантты 25 футболшыны іріктейді, тағы 25 спортшы қосалқы құрамға алынады. Үздік деп танылған жоба жеңімпаздары бір алаңда реалити - шоу форматында кәсіби бапкерлермен бірге жаттығатын болады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, былтырғы маусым көптеген қатысушылар үшін үлкен спорт жолдама болған.
Тоғыз футболшы кәсіби футбол командаларымен келісімшартқа отырды. Көптеген қатысушылар ұлттық құрама базасында шынығып, бірегей кәсіби шеберліктен өтті, деді «SUPER BOL» жобасының менеджері Давид Лория.
Облыс әкімі маңғыстаулық жас спортшылар іріктеу ойындарынан сүрінбей өтетініне сенімін білдірді.
-Бүгінгі дода нағыз мықтылар мен қайсар мінезді жеңімпаздарды шығарсын. Өздеріңізге сеніңіздер, әрқашан жеңіске ұмтылыңыздар, сонда барлығыда болады! Сіздерде кәсіби спортшы ретінде келісім шартқа отыруға, аңсаған арманыңызға жетуге толықтай мүмкіндік бар. Әсіресе, қазір мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың дамуына ерекше назар аударуда. Әрине, спортта жеңіл жол болмайды. Бүгінгі шарада да барлығы бірдей іріктеу кезеңінен өтпейді, алайда мұндай шараларға қатысу адамның жігерін жанып, құлшынысын дамытады, - деді Нұрлан Ноғаев.
Еске сала кетейік, 2022 жылы «SUPER BOL» жобасының алғашқы маусымы сегіз өңірде өтсе, биыл он төрт облыста ұйымдастырылғалы отыр. Жобаның бас бапкері футболдан олимпияда чемпионы - Евгений Яровенко.
Былтырғы маусымның бірінші кезеңіне өңірімізден 600-дей спортшы қатысуға ниет білдіріп, оның ішінде финалдық бәсекеге 11 спортшы іріктелген болатын. Жоба Президент жанындағы «Dara» дарындыларды қолдау қоры және Freedom Broker инвестициялық компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда.