Ақтауда Маңғыстау облыстық «Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің мүшелері Президентікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын талқылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Дөңгелек үстелдің мақсаты - жастарға сайлаудың бағыт-бағдарын түсіндіру. Сондай-ақ, еліміздің болашақ дамуындағы стратегиялық бағытын айшықтау. Маңғыстау облыстық «Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Жібек Ахметованың айтуынша, халық әрдайым ауызбіршілікті сақтауы қажет.
Бағдарлама әділетті қоғам, экономика және әділетті мемлекет бөлімдерінен тұрады. Әр бөлімде халықтың көкейінде жүрген маңызды мәселелер көтерілген. Өткеннің қателігін түзетіп, қордаланған мәселелерді шешу керектігі айтылған. Сондай-ақ, мемлекет монополияларды жойып, табыстың әділ бөлінуін қамтамасыз етіп, қолынан іс келетін еңбектенем деген әр азамат өзіне лайықты жұмыс таба алатынына кепілдік береді. Көмекке мұқтаж кез келген азамат мемлекет пен қоғамнан қолдау көре алады деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздері болашаққа деген нық сенімділік оятады, - деді Жібек Ахметова.
Жиынға үкіметтік емес ұйым өкілдерімен қатар, Шахмардан Есенов атындағы университеттің студенттері қатысты. Шара барысында ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыстық қоғамдық штаб мүшесі Роза Махамбетова бағдарлама ішіндегі әскер мәселесін, студенттердің шәкіртақысын және жалпы жағдайы туралы сөз қозғады.
-Жыл басынан бергі оқиғалар мен суық хабарлар жан түршіктіреді. Әскерге кеткен балалардың оралмай қалуы да жанымызды талай ауыртты. Дайындалған бағдарламаны оқысақ, жоғарыда айтылған мәелелердің барлығы дерлік қарастырылған. Болашақ жастардың қолында. Сондықтан аға буын ретінде біз оларға, әрдайым қамқорлық пен мейірімділік танытуымыз қажет. Студенттерге бағдарламаны жете түсіндіріп, олардың сұрақтарына жауап бердік. Жиын барысында көздеріндегі от-жалынды, көріп қатты қуандым, - деді Роза Махамбетова.
Айта кетейік, жиынға «Мұнайлы ауданының Азаматтық бастамасы» ҚБ төрайымы - Райхан Дәрібаева, «Ана мен бала» ҚБ төрайымы - Даметкен Шакенова, «Риза Ана» ҚҚ директоры – Бибігүл Рамазанова, «Жанартау» ҚБ төрайымы және ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың қалалық қоғамдық штаб басшысы –Анар Шамшадинова қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.