Ақтауда 13 шағынауданның тұрғындары ауыз сусыз қалды. Бұл туралы тұрғындар «Маңғыстау облысының әкімдігі» Telegram чат-каналына жазып, шағымдануда, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- Су қайда? Сағат 00:00-ден асты, ыстық су да, ауыз су да әлі жоқ. Ауыз суды сағат 21:00-де беріледі деп уәде берген еді. Енді бұл не мазақ? Қаланың жартысы ауыз сусыз қалды», – деп жазады қала тұрғыны Наталья.
- Су жоқ, жылу да әлі берілмеді. Ертең жұмысқа барамын, ал балалар мектепке барады. Не істеймін? Су әлі берілмейтінін неге алдын ала ескертпеді? Енді бұған кім жауапты болатыны белгісіз, - деп жазды тұрғындар.
«ҚЖСА» МКК тұрғындардың арыз-шағымына қатысты түсініктеме берді.
- Магистральдық ауыз су құбырындағы жөндеу жұмыстары аяқталып, құбыр толтырылды. Сағат 00:30-да орталық сумен жабдықтау орталығы-3-те ауыз судың қысымын арттыру үшін сорғылар іске қосылады. Келтірілген қолайсыздық үшін кешіріңіз», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, ауыз су магистральдық құбырдағы апатты жөндеу жұмыстарына байланысты тоқтатылған болатын.