Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов 28-шағын ауданның тазалығын тексеру барысында өзі тұратын тұрғын үй кіреберісін ұлттық нақышта безендірген ұстазбен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
28-шағын аудан №16 үйдің тұрғыны Мейрамгүл Тұңғатарова №20 Мұхтар Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектепте көркем еңбек пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Тұрғын үйдің кіреберісінде ұлттық стильдегі бейнелерді ол эскиз бойынша салған. Эскиз бойынша бояу және сызу жұмыстарын жүргізген. Атап айтқанда, кіреберісте киіз үйдің керегесі, домбыра, сырмақ, торсық, қошқар мүйіз оюы, құрақ көрпелер, сандық, көне жәдігерлерді салған. Қала әкімі алғыс хат табыстады.
- Елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтуде. Акцияның мақсаты - қаламыздың, үйіміздің тазалығын сақтау. Тазалық мәдениеті әр тұрғынның өзінен басталады. Осыған сіз де өз үлесіңізді қостыңыз. Тұрғын үйіңіздің кіреберісін әдемі бейнелегеніңіздің өзі ұлттың жанашыры екеніңізді көрсетеді. Еңбегіңізге алғыс білдіремін, - деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Бұл жұмыстарға 28-шағын аудан №16 үйдің тұрғыны Мейрамгүл Тұңғатарова он күндей уақытын арнаған.
- Тұрғын үй бұл өзіміздің ұямыз. Өзіміздің үйіміздің маңы таза болғанын қалаймыз. Мұндай ұлттық нақыштағы бейнелерді салу үшін бірінші өз подъездіміздің тұрғындарынан рұқсат алдым. Ал идея мектепте жүзеге асыратын жобамнан туындады. Тек мектеппен шектелмей, ұлттық нақыштағы бейнелерді өзім тұрып жатқан үйдің кіреберісіне де салғым келді. Негізгі мақсат - балаларымызды тазалыққа үйретіп, олардың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру, - деді Мейрамгүл Тұңғатарова.