Биыл «Ақтау студенттер Альянсы» корпоративтік қоры «Student life» жобасын іске асырады. Бұл туралы облыстық Қоғамдық коммуникация орталығында «Ақтау студенттер Альянсы» корпоративтік қорының көшбасшысы Парасат Серік мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz «Ақтау студенттер Альянсы» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған жоба Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының мемлекеттік гранты аясында «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен» бірлесе іске асады.
Жобаның негізгі мақсаты – жан-жақты және қоғамдық, пайдалы студенттік өмірді, жастарды мәдени, рухани-адамгершілік құндылықтарға тарту бойынша жүйелі жұмысты ұйымдастыру. Сонымен қатар студенттердің өзін-өзі қалыптастыруына жәрдемдесу.
Жоба аясында қоғамдағы жастар арасындағы маңызды мәселелерді шешуге және студенттердің бастамаларын іске асыруға, әлеуметтік белсенділігін дамытуға бағытталған шаралар ұйымдастырылады. Бұдан бөлек мәдени, спорттық, зияткерлік іс-шараларды өткізу, студенттік клубтардың жұмысын жандандыру жоспарланып отыр. Ең бастысы облыстық деңгейде 2 үлкен шара, атап айтқанда, «Студент көктемі – 2023» облыстық студенттер фестивалі және «Жыл студенті – 2023» облыстық студенттер байқауы өткізіледі.
- «Жыл студенті - 2023» облыстық студенттер байқауына тоқталсам, қатысушылар 10 номинация бойынша сынға түседі. Байқау 2 аптаға созылады, сол аралықта «Үздік ерікті», «Үлгерімі үздік студент», «Үздік студенттік өзін-өзі басқару ұйымының төрағасы», «Үздік ақын», «Үздік мобилограф», «Үздік белсенді студент», «Үздік өнерпаз», «Үздік спортшы», «Үздік суретші», «Жыл студенті – 2023» аталымы бойынша облыстың үздік студенттері анықталады, - дейді Парасат Серік.
Оның айтуынша, «Студент көктемі – 2023» студенттер фестивалі аясында 7 мәдени, спорттық шара ұйымдастырылады. Фестиваль еркін форматта өткізіліп, гала-концертпен аяқталады. Бұдан бөлек жоба барысында жастар арасындағы өзекті мәселелер бойынша мониторинг жасалады. Студенттер арасындағы суицид, кибербуллингті азайту мақсатында ақпараттық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Облыстағы студенттік клубтардың жұмысы таныстырылады, бір-бірімен тәжірибе алмасуына мүмкіндік беріледі.
Студенттердің ортақ қызығушылығын анықтау мақсатында облыстық деңгейде жәрмеңке өтеді.
Аталған жоба облыс бойынша Студенттік өзін-өзі басқарудың бірыңғай құрылымын құруға, олардың көшбасшыларын сайлауға септігін тигізеді. Сондай-ақ сайланған көшбасшылардың қатысуымен студенттер кеңесі құрылады. Биыл студенттік кеңестің екі отырысын өткізу және белсенді студенттердің санын арттыру жоспарланып отыр.