Ақтау қаласында 3-22 сәуір аралығында мектеп оқушылары, мектепалды даярлық, балабақша тәрбиеленушілерінің арасында «WorldSkills Aktau -2023» чемпионаты аясындағы қалалық «BabySkills», «JuniorSkills» чемпионаттары өтті, , деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтау қалалық білім бөлімінің «Оқушы орталығы» мекемесі ұйытқы болған бұл чемпионаттар Қазақстандағы «WorldSkills» қозғалысының жұмыс жүйесіне қосымша білім беру педагогтарын қосу, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, 6-18 жас аралығындағы мектеп оқушыларын ерте жастан мамандыққа баулу мақсатымен ұйымдастырылды. Сонымен бірге ерте кәсіптік бағдар беруді дамыту, ерте жастан балалардың жұмысшы мамандыққа құрметтері мен сүйіспеншіліктерін ояту, цифрлық дәуірде цифрлық технологиялардың қыр-сырын меңгерту, 9, 11 сынып оқушыларына жеңіл өнеркәсіп, ақпараттық технологиялар мен робот конструкция салаларында сұранысқа ие мамандықтарға бағыттау да – осы жобаның көздеген мүддесі.
Маңғыстау облысының білім басқармасының 2023 жылға арналған іс-қимыл жоспарына сәйкес, «Оқушы орталығында» өткізілген чемпионатқа Ақтау қаласындағы 16 жалпы білім беретін мектеп, Назарбаев зияткерлік мектебі, 2 арнайы-түзету мектеп интернаты оқушылары мен 4 балабақша ұжымының тәрбиеленушілері қатысты. Мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілерінің «BabySkills-2023» (5-10 жас), «JuniorSkills – 2023» (11 – 15 жас), «ZhasSkills – 2023» (16-17 жас), «Abilympics – 2023» (мүмкіндігі шектеулі, ерекше білімді қажет ететін 6 – 17 жас) және «DeafSkills – 2023» (есту және сөйлеу қабілеті жоқ немесе бұзылған 13-17 жас) чемпионаттарында 312 бала 11 түрлі құзіреттіліктер бойынша бақ сынады.
Чемпионаттың мектеп оқушылары арасында алғаш рет өткізілгеніне қарамастан қатысушылар санының көптігі, ата-аналар тарапының да қызығушылықпен қатысуы көңіл қуантады. Аталған жобада жоғары сыныптың оқушыларын робототехника, веб-дизайн, цифрлық модельер, сән технологиясы құзіреттіліктері қызықтырса, балабақша тәрбиеленушілері мен төменгі сынып оқушылары 3Д дизайн, матаға сурет салу, киіз өнері және киім дизайны құзіреттіліктеріне көптеп қатысты.
Тігін саласындағы цифрлық технологияны 11-17 жастағы мектеп және колледж оқушыларына үйрету үшін жеке кәсіпкермен келісім шарт жасалып, 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап «Оқушы орталығы» мекемесі «Киім үлгісін компьютермен модельдеу және құрастыру, бірінші өлшемді (примерканы) 3Д манекенде жасау» үйірмесінде оқушыларды тегін оқытып жатыр. Аталған жоба бойынша білім алған 11-17 жастағы 30-ға жуық мектеп және колледж оқушысы «Цифрлық модельер» құзіреттілігі бойынша кәсіби байқауда меңгерген цифрлық технологияның қыр-сырын тәжірибе жүзінде көрсетіп, жетістіктерге жетті. Аталған сайыстарда жеңімпаз болған оқушылар мен тәрбиеленушілерге дипломдар беріліп, марапатталды.
–Бұл чемпионаттардың негізгі мақсаты – мектеп оқушыларына мамандықты дұрыс таңдай білуге үйрету, кәсіптік бағдар беру. Осы чемпионаттарда жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, жеңімпаз болған балаларды құттықтай келе өз мамандықтарын таңдауда қателеспеуіне және сол мамандықтары бойынша үлкен жетістіктерге жете беруіне тілектеспін, - дейді Ақтау қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Тоты Күлмекенова.
Айта кеткен жөн, чемпионаттың тағы бір ерекшелігі – ерекше білімді қажет ететін мектеп оқушылары да қатысты. Мұндағы мақсат – бұл санаттағы балалардың да қоғамда өз үлесі бар екенін білдіріп, осы «Abilympics – 2023» (мүмкіндігі шектеулі, ерекше білімді қажет ететін 6-17 жас) және «DeafSkills – 2023» (есту және сөйлеу қабілеті жоқ немесе бұзылған 13-17 жас) чемпионаттары арқылы балалар мен жасөспірімдерге болашақта мамандық таңдауда өз қалауын жасауға мүмкіндік беру.
Жайық НАҒЫМАШ