Ақтаудағы «Yessenov university»-де «Бизнес және құқық» факультетінің студенттері "Startup marathon-2022" аясында өздерінің стартап жобаларын таныстырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Марафонға қатысуға 68 өтінім түскен. Бірақ олардың ішінен тек 16 жоба үздік деп танылып, финалға жолдама алған. Ал, шара соңында 9 студенттік жоба қазылар арасында жоғары бағаланған.
Стартап жобалар марафонын ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат - жастарды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға ынталандыратын қолайлы жағдайлар жасау. Шараға қатысқан бизнес-спикерлер студенттердің бизнес жобаларын қарап, олардың оң даму динамикасын бағалаған.
-Қазылар алқасында болған Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының мүшесі Нұрғали Буханов, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мүшесі Роллан Менеев пен университеттің бас есепшісі Гүлжан Досымбекова, Ақтау қалалық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Бауыржан Сарыев 9 студенттік жобаны бағалап олар 1 000 000 теңгеге лайық екендігін атап өтті, дейді «Бизнес және құқық» факультетінің деканы Айжан Омарова.
Іс-шараның барлық қатысушыларына сертификаттар, брендтік блокноттар және «Казэнергоконсалтинг» компаниясынан арнайы сыйлық табыс етілді.