Ақтауда Жеңіс күніне орай Отан соғысы ардагерлеріне 1,5 миллион теңге қаржы беріледі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақтауда 2 соғыс ардагері тұрады.
Соғыс ардагерлерінің бірі - Ольга Заривняк. Ол 1941-1945 жылдар аралығында Беларусь аумағындағы партизан отрядында байланысшы болған. Соғыс ардагері маңызды ақпарат жіберумен қатар жараланған сарбаздарға көмек көрсетті.
Соғыс ардагері Василий Салазкин бірінші Қиыр Шығыс майданының құрамында ерлік көрсетіп, кіші сержант шеніне дейін көтерілген. Ол майданның ауыртпалығына қарамастан соғыстан кейін ел игілігіне қызмет етті.
«Жеңілдіктер бойынша соғыс ардагерлеріне теңестірілген мүгедектігі бар 25 адам 60 АЕК (221 520 теңге) алады. Ал соғыс ардагерлеріне теңестірілген 76 азамат 50 АЕК (184 600 теңге) алады. Қалада 286 тыл еңбеккерлері, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары, соғыста мүгедек болып қалған жандардың жұбайлары бар. Олар 9 мамырға дейін 40 АЕК (147 680 теңге) төлем алады», - деді Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлнар Хайрлиева.
Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен Ақтау қаласындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне бірнеше қызметтер тегін көрсетіледі:
-коммуналдық қызметтер үшін ақшалай өтемақы;
-санаториялық-курорттық емдеу қызметтері;
-қалалық жолаушылар көлігінде жеңілдікпен жол жүру.