С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті 2023 жылғы маңғыстаулық мектеп түлектерін нысаналы грант бойынша оқуға шақырады. Түлектер 100% жатақханамен және ай сайын шәкіртақымен қамтылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте С. Торайғыров университеті қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Сәуле Ксембаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, биыл маңғыстаулық түлектерге 1500 нысаналы білім беру гранттары бөлінген. Гранттар ішкі байқаулар арқылы педогогикалық және ақпараттық технологиялық ғылымдар, инженерлік және техникалық мамандықтарға беріледі. Оқу жылы аяқталғанда ата-аналар мен талапкерлер 42 университеттің ішінен қалаған ЖОО-ны таңдай алады.
-Қазіргі таңда өңірде инженерлік мамандықтар тапшылығы бар. Сондай-ақ, IT мамандары қажет. Нысаналы білім грнаттарын бөлу мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасы. Сол себепті, Қазақстан нарығына, ел экономикасына қажетті мамандар даярлауымыз керек, - дейді Сәуле Ксембаева.
Оның айтуынша, 1960 жылы құрылған университетте қазіргі таңда тоғыз мың студент бар. Оның 300-і шетелден келіп білім алып жатқандар. Шалғай өңірлерден келген студенттер толықтай жатақханамен қамтылған. Университет қабырғасында шетелдік ғалымдар дәріс береді. Сондай-ақ, пратикалық сағаттарда студенттер әр түрлі өндіріс ошақтарынан өз саласы бойынша тәжірибе жинақтай алады.
Студенттерге бос уақытын өткізу үшін арнайы дебат клубы мен еріктілер клубы жұмыс істейді. Сонымен қатар, әскери білім алғысы келетін студенттер үшін 2 жылдық әскери кафедра қарастырылған. Ал шетелде тәлім алғысы келетіндер үшін академиялық ұтқырлық және Германия университетімен қос дипломдық бағдарлама қарастырылған.
Талапкерлер қосымша ақпаратты https://instagram.com/psukz?igshid=YmMyMTA2M2Y= парақшасынан ала алады.