Жаңаөзен қаласына қарасты Теңге ауылындағы №14 мектепке араға 22 жыл салып күрделі жөндеу жүргізілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Ескірген білім ордасын жаңарту үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд 50 миллион теңге бөлінді. Мектеп директоры Гүлзада Қайнарбаева жөндеу жұмыстарына дайындық былтыр тамыз айынан басталған. Білім ошағының қабырғасы, едені мен терезесі жаңартылып, есігі, оқушыларға арналған парталар мен тақталар да алмастырылған.
-Біздің мектепке 2000 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Ата-аналар мен оқушылар тарапынан ешқандай шағым болмаса да заман талабына сай жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, соңғы үлгідегі мектептер санатына қосуды жөн көрдік. Оқушылар үшін ең маңыздысы сапалы білім мен ыңғайлы мектеп. Сондықтан, таза, жарық әрі жайлы оқу ордасы әрбір баланың білім алуға деген ынтасын арттыра түсері анық, - деді Гүлзада Қайнарбаева.
№14 жалпы білім беретін мектепте 871 оқушы білім алып жатыр. Тәртіпті, зерделі әрі алғыр өрендер оқу ордасының жаңарғанына дән риза. Биылғы мектеп түлегі Сәуле Түгелбаева ризашылығы мен қуанышын жасырмады.
-Кез келген оқушының жетістіктерге жетуіне ұстаз ғана емес, ыңғайлы, қолайлы мектеп те ықпалдасады. Мұндай көз тартарлық мектеп әрқайсымызға ерекше жігер мен талпыныс сыйлайды. Мектептегі оқу деңгейі қаншалықты жоғары болса, сыртқы көрінісі де соған сай болғаны жөн деп ойлаймын, - деді Сәуле Түгелбаева.