Ақтауда білім күні қарсаңында бүлдіршіндер үшін жаңа нысан іске қосылды. Мектепке дейінгі балаларға тәрбие беретін балабақша алдағы уақытта 100 бөбекті қабылдамақ, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыс орталығындағы Самал шағын ауданынан орын тепкен жаңа әлеуметтік нысан 1 жастан бастап 6 жасқа дейінгі балаларға тәлім береді. «Happy hearts» деп аталатын балабақша тәрбиемен қатар, бірқатар қосымша орталық жұмыстарын бір нысанға қамтуымен ерекшеленіп отыр.
Бүлдіршіндер үшін есігін айқара ашқан балақайлар мекенінің директоры Гауһар Сейітжанова алда көптеген игі жоспарларды жүзеге асыруды көздеп отырғандықтарын жеткізді.
«Бүгін көптен күткен «Happy hearts» (Бақытты жүректер - ред.) балабақшасы есігін айқара ашты. Жүректен жүрекке жетсін деген ниетпен осындай атау бердік. Бұл орынды заманауи үлгіде, қаланың экологиялық өте таза аумағында арнайылар жеке үйдің кешенінде жабдықтап, дайындадық. Балабақшамыз балалардың орталығының ішінде ашылған ұйым. Кішкентайлардың жан-жақты дамыту үшін жұмыс істейміз. Қазір қоғамдағы аса өзекті мәселелердің бірі - балалардың тілі кеш шығады. Ол уақытымен ата-ана баланың тілін шығарып үлгеруі керек. Сондықтан да бұған бей-жай қарауға болмайды. Сол себепті біз балабақшамызға логопедиялық орталықты қостық. Балалар балабақшада тілін дамытып, қосымша орталықта дамыту мүмкіндігі қарастырылған. Бұдан бөлек, өзге де балаларға тереңдетіп ағылшын тілін оқытамыз. Көптеген ата-аналар балаларын хореография, сән әлеміне балаларын бергісі келеді. Біз соны ескере келе кешенде оның барлығын қамтыдық», - дейді Гауһар Сейітжанова.
Айта кетерлігі, жаңа балабақша екі қабатты ғимаратта орналасқан. Бөлмелері кең, әрі балалар ойнау үшін ауласы қамтылған жайы бар.
«Балабақшамыз бөбектерді 1 жастан бастап қабылдаса, естияр балаларды мектепке дейінгі даярлық сыныбында оқытамыз. Бұл мекемеде білікті мамандар жұмыс істейді. Оның ішінде Астана қаласынан келген логопед мамандарымыз бар. Ақтау қаласындағы елордалық мамандардың арнайы орталығымен тығыз байланыс орнатып, жұмыс істеудеміз. Логопедиялық көмек алған балалар балабақшадан тәлім ала алады. Осы ретте ата-аналарға қолайлы жағдай жасап отырғанымызды айтқым келеді. Мантессори бағдарламасы бағыты қарастырылып, ана мен балалар үшін қосымша нысанда түрлі психологиялық тренингтерден өте алады. Бізбен бірге психологиялық бағытта жұмыс істеймін деген мамандарға есігіміз ашық. Аналарға қамқорлық, қоғамдағы бала тәрбиесі, дамуы секілді мәселелерді қаперге алдық. Білім, тәрбие, даму туралы мәселелерді басты жолға қойылды. Бала тәрбиесіне бағытталған жоспарымыз көп. Олардың барлығын алдағы уақытта іске асырамыз», - дейді Г.Сейітжанова.
Білім күні қарсаңында облыстағы бөбекжайлардың қатарын толықтырған кәсіпкер өзінің кішкентай балаларын мектептен кейін қосымша үйірмелерге апару кезінде қиындық көргенін айтады. Сол қиыншылықтар кезіндегі мүмкіндіктерді жаңа балабақшада қамтығанын алға тартты.
«Өзім бес баланың анасымын. Кезінде балаларымды мектеп, үйірмелерге апару кезінде туындаған қиыншылықтар кезінде пайда болған армандарымды осында жүзеге асырдым деп ойлаймын. Сол кезде таңғы 8-де шыққаннан кешке үйге зорға жетіп құлайтынмын. Сол аралықта музыка мектебіне барғанда үш сағат күтіп отырамын. Қасында дүкен жоқ. Шай іше алмайтынмын. 24 сағат баламен жүру оңай емес. Сондықтан аналар өздері біздің жобаларымызға қатысып, тәжірие алмаса алады», - дейді кәсіпкер.