Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылған азаматтар Ақтау қаласында орналасқан ҚР Ұлттық ұланының 6656 әскери бөлімінде ант қабылдады. Атырау, Ақтөбе, Орал қалаларынан келген жас сарбаздар бір айда әскери дайындықтан өтіп, әскери өмірдің қыр-сырымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
6656 әскери бөлімде 150-ге жуық әскери қызметші ант берді. Салтанатты шараға сарбаздардың ата-аналары мен туыстары қатысып, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали құрметті қонақ болды.
«Отан қорғау – сіздің өміріңіздегі маңызды кезеңдердің бірі. Әскери өмір Отанға деген сүйіспеншілік пен патриотизмге үйретеді. Отан алдындағы борыш еліміздің әрбір азаматы үшін құрметті қызмет болуы тиіс», - деді 6656 әскери бөлімінің командирі полковник Болатбек Мұхамбетқалиев.
Іс-шара қонақтары мен ата-аналар жас сарбаздарға сәттілік пен лайықты қызмет тіледі.