Ақтауда Халықаралық есірткіге қарсы күрес күні қарсаңында қала аумағындағы арналарды жарнамалау және есірткі заттарын сатып алудың алдын алу бойынша «Жастар нашақорлыққа қарсы!» акциясы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Акция заңсыз граффити жазуларын, есірткі сайттарын жарнамалайтын штрих-кодтарды жоюға бағытталған.
«Синтектикалық есірткі қоғам дертіне айналды. Халықаралық есірткіге қарсы күрес күніне орай өңірде бір айлық жоспар жасақталды. Осы бағытта мектеп, коллледж және университетте рейдтік, спорттық және мәдени іс-шаралар өткізіліп жатыр. Басты мақсат - салауатты өмір салтын насихаттау.
Өңірімізде 5 айдың қорындысы бойынша 300-ге жуық граффити, 60-қа жуық интернет сайт анықталған. Бұл мәселені барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың күш-жігерінің арқасында шеше аламыз», - дейді Маңғыстау облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі полиция капитаны Алтынай Әмірғалиева.
Акция барысында қала тұрғындарына профилактикалық жұмыс жүргізіліп, үйлердің, ғимараттардың, қоршаулардың қабырғаларына есірткіні жарнамалау мазмұнында жазылған 60-қа жуық жазу өшірілді.
«Мемлекет басшысының жолдауында бүтін бір тармақ ұлт денсаулығына арналған. Қазіргі танда синтетикалық есірткіні тұтынудың артуы ұлт денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Олар жыл сайын қолжетімді болып, әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы еш кедергісіз сатылады.
«AMANAT» партиясы атынан нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы жыл басынан бірнеше рет рейд өткізіліп келеді. Аса қауіпті әлеуметтік аурудың ауқымын ескере отырып, синтетикалық есірткілерді өндіру мен таратуға қарсы күрес жалпыұлттық сипатқа ие болуға тиіс. Әр адам кез келген күресті өзінен бастап, өзгеге осы дертпен күресу жолы туралы үндеу тастау керек» - дейді «Жастар Рухы» жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихатының депутаты Абзал Марат.