Екпеден кейін жайсыз сезінген екі оқушы облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Науқасқа облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, толық тексеру жүргізілді. Жағдай психоэмоционалды күйзелістен туындаған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, науқастардың жағдайы жақсаруына байланысты ата-анасы ауруханаға жатқызудан бас тартты. Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының педиатры пациенттерді тұрғылықты жері бойынша емханаға амбулаторлық бақылауға жіберді.
- Балаларға жоспар бойынша екпе егілді. Вакцинадан кейін балалар педиатрдың бақылауында болды. Қазіргі таңда мектеп оқушыларының жағдайы қанағаттанарлық. Вакцинаға реакция тіркелмеген. Педиатрлар мен мектеп медбикесі ата-аналармен байланысқа шықты. Медицина қызметкерлеріне ешқандай шағым жоқ, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Еске салайық, А гепатитіне қарсы вакцинадан соң IT-лицейдің екі оқушысы ауырып қалған еді. Оқиға 23 ақпанда болған.