Түнгі рейд барысында ювеналды полиция инспекторлары мен «АМАNАТ» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубтарда болған 10 шақты баланы анықтады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
17 шағынаудандағы екі компьютерлік клубтан табылған жасөспірімдер әкімшілік хаттама жасау үшін жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция бөліміне жеткізілді. «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері мен ювеналдық полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандарға қатысты заңнамалар бойынша түсіндірме жүргізді.
– Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шара жүргізілуде. Естеріңізге сала кетейік, 22:00-ден 06:00-ге дейін кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде болуына құқығы жоқ. Ал кешкі сағат 23.00-ден таңғы 6.00-ге дейін олар үйден үлкендердің - туыстары мен достарының еріп жүруімен ғана шыға алады. Балалары түнгі уақытта ойын-сауық мекемелеріне, атап айтқанда, компьютерлік клубтарға барған ата-аналарға үш АЕК көлемінде айыппұл салынады, - дейді «АМАNАТ» партиясының «Жастар рухы» МОФ МК кеңесшісі Аружан Шайденова.
Сонымен қатар жасөспірімдерді кіргізген мекеме әкімшілері мен иелері де жауапқа тартылады.
- Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген жеке тұлғаларға 10 АЕК, шағын кәсіпкерлік пен коммерциялық емес ұйымдарға 15 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 30 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, - дейді Ақтау қалалық ІІБ ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы Нұрсәуле Рахметолла.