Ақтауда қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің мемлекеттік гранты аясында әйелдерге арналған «Мен әйелмін - әлемнің анасымын» атты тегін тренинг ұйымдастырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шара «Бала жолы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізілді. Тренингке психотерапевт Саламат Момынова, энерготерапевт Шынар Әубәкірова және 150-ге жуық қыз-келіншек қатысты. Спикерлер «Бақытты ана - бақытты бала» тақырыбында сөз қозғады. Шараға қатысқан қыз-келіншектер психотерапевтпен бірге «Ата-анаға разылық» терапевті және медитативті жаттығуын жасады.
-Энергия - адамның ең қымбат валютасы. Бұл бағалы ресурсты қалай және қайда жұмсайтыныңызға назар аударған жөн. Оны түсініп алғаннан кейін, энерготерапияға көшу керек. Тренингте энерготерапияның адамның тек физикалық емес, психологиялық денсаулығына да пайдасы бар, - деді энерготерапевт Шынар Әубәкірова.
Тренингке қатысқандардың бірі қоғам белсендісі Арайлым Шамшадинова. Қоғам белсендісі шарадан алған әсерімен бөлісті.
-Тренингтен өзіме қажетті ақпарат алдым деп есептеймін. Ақтау қаласы әкімдігіне және «Бала жолы» қоғамдық қорына алғысымды білдіремін. Мұндай шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылса екен деймін, - деді қоғам белсендісі Арайлым Шамшадинова.