Ақтауда ҚР Ұлттық гвардиясының 6656 әскери бөлімінің қызметкерлері қолын кескен әйелге алғашқы көмек көрсетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz "Батыс" Өңірлік қолбасшылығына сілтеме жасап.
Оқыс оқиға 28 наурыз күні кешкі 22:30 шамасында орын алған. 6656 әскери бөлімінің патрульдік топ сержанты Мұхтар Бердіш пен Нұржан Байманов және Азат Мұқанов өздеріне тиесілі аумақтың тәртібін қадағалап жүрген. №1 тұрғынүй алабының маңайында өзін өлтірмек болған әйелді көрген патрульдік топ бірден көмекке ұмтылып, қолында өткір пышақты алып үлгерді.
"Біз өз учаскемізде жұмыс істеп жүрдік. Оқыс жағдайда көшеде қолын кеспек болған әйелді көрдік. Ойланып тұрмастан бірден көмекке бардық. Алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырдық", - деді сержант Мұхтар Бердіш.
Осыдан кейін оқиға орнына жедел жәрдем қызметі келіп жетіп, Ақтау тұрғынын ауруханаға жеткізді.