ҚР Қарулы күштерінің 100-ден астам әскери теңізшісі теңіз жағалауында 10 шақырымды еңсерді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
ҚР Қарулы күштері әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының орынбасары Жұмабек Хасеновтың айтуынша шара 2024 жылғы дайындықты бастау аясында және Президентті қолдау мақсатында жүзеге асырылған.
- 3 қаңтар күні Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында «Еліміздің тұтастығы және Отанымызды қорғау – ең үлкен мақсат» деген еді. Осы мақсат аясында туған еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Президентіміздің тапсырмасын орындауға біз әрқашан дайынбыз. Әр жауынгер өз емтиханын тапсырды. Қаруды қалай меңгеру керек, теңізге қалай шығу қажет және теңіз десанттық операциялардың жүргізілу тәртібін көрді. Әскеріміз елімізді, жерімізді қорғауға дайын екеніне көз жеткіздік, - деді Жұмабек Хасенов.
Әскери теңізшілер тәртіп бойынша 50 минутта 10 шақырымды еңсеруі тиіс болған. 100-ден астам сарбаз «Самал» шағынаудан маңынан бастап тиісті шақырымды уақытында жүгіріп өтті. Коменданттық рота матросы - Руффат Мұратов Павлодар қаласынан келген.
Әскерге егізі Ришад Мұратовпен бірге шақыртылған. Руффат бүгінде әскери қызметін ойдағыдай өтеп жатқанын айтады.
- Біз 2023 жылы әскери қызметке келді. Әскери қызмет өте жақсы өтіп жатыр. Жаңа жеке дайындық курсынан өттік. Әдетте бұндай дайындықтар іште өткізіледі. Біз Бас Қолбасшы мен Қорғаныс министрінің кез-келген командасы мен бұйрығын орындауға дайынбыз, - дейді Руффат Мұратов.
Айта кетсек, ҚР ҚК ӘТК бас қолбасшысы орынбасарының айтуынша 2024 жылы әскери теңізшілердің алдында үлкен жоспар бар.
- Шілде айында «Каспий маңында бірлестік 2024» атты оқу жаттығу өтеді. Аталған оқу-жаттығуға Ресей, Түркіменстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елінің әскерлері келіп, Каспий маңын қорғау мақсатында бірлесіп оқу жаттығу өткіземіз, - деді Жұмабек Хасенов.