Ақтаудағы 28А шағынауданында блокты-модульді қазандық іске қосылды. Қала әкімі Ербол Ізбергенов нысанды іске қосу барысын қадағалады, деп хабарлайды mangsytaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Әкімнің айтуынша, осы қазандықтың көмегімен 28А шағын ауданының 6 үйі мен 1 балабақшасы жылумен қамтамасыз етіледі.
-Құрметті тұрғындар, өздеріңізге белгілі, қаламыздағы жылу тапшылығын шешу мақсатында 9 модульді жылу қазандығын орнату жоспарланған болатын. Қазіргі таңда 5 қазандықтың құрылысы жүргізілуде, бүгін алғашқы жылу қазандығын іске қостық, ол 28А шағын ауданында орналасқан. Аталған қазандық осы ш/а-ның 6 көпқабатты үйін және 1 балабақшасын жылумен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда осы үйлер МАЭК-тен келіп тұрған орталық жылу құбырларынан ажыратылып, осы жылу қазандығына қосылды. Биыл қосылатын қалған 4 қазандық бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Олар да кезең кезеңімен іске қосылады. Ал 9 қазандықтың қалған 4-ін іске қосу келесі жылға жоспарланған, - деді Ербол Ізбергенов.
Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары мына мекенжайлар бойынша жүргізілуде:
28А (1 бірлік, іске қосылды),
13 ш/а (1 бірлік),
15 ш/а (2 бірлік),
33 ш/а (1 бірлік).
Осы мәселе бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар - Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергеновтің бақылауында.
Айта кетейік, 9 қазандықтың қалған 4-і бойынша конкурстық рәсімдер өткізіліп жатыр.