Өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының білім беру, мәдениет және спорт, медициналық нысандарында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Тұрғын үйлерге келетін болсақ, 1853 бірліктің 24% - ы,ал облыстағы 406 жылыту қазандығының 347-сі келесі маусымға дайын, бұл 86% құрайды.
Қазіргі уақытта Ақтау қаласы үшін жылу қажеттілігі сағатына 750 ГКал құрайды, ал өндірілетін жылу көлемі сағатына 500 Гкал құрайды, бұл сағатына 250 Гкал жетіспеушілігін білдіреді. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 565,8 шақырым болса, оның 376 шақырымы жаңартуды қажет етеді.
- Жылу тапшылығын жою, жылу желілерінің тозуын азайту және жылыту кезеңінде сапалы қызметпен қамтамасыз ету үшін бірінші кезекті шаралар іске асырылуда. Президенттің тапсырмасына сәйкес өткен жылыту маусымында өңірімізде орын алған жылумен қамту орталықтарындағы апаттық және техникалық бұзушылықтарды болдырмау үшін, қалалар мен аудандар әкімдіктері, тиесілі басқармалар мен табиғи монополия субъекттері меншік нысанына қарамастан жылыту маусымына сапалы дайындық жүргізуі қажет, - деп атап өтті өңір басшысы Нұрлан Ноғаев.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Ақтауда жылу желілерінің жай-күйіне техникалық тексеру, сондай-ақ жылу желілерін қайта жаңарту жүргізілуде. Бұл жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Кеңесте Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Абдеш Түркменбаев 2022 жылы бірнеше шағын аудандарда инженерлік желілерге техникалық тексерулер болғанын айтты. Жылу, су, кәріз желілерін реконструкциялау жұмыстары басталатынын атап өтті.
Бұдан басқа, Ақтау қаласының 4 шағын ауданында (19, 19а, 32а, 33 «Аққу-2») жалпы қуаты 40 МВт төрт блокты-модульді қазандықтарды орнату жоспарланған, бұл үздіксіз жылумен жабдықтауды қамтамасыз етуге және МАЭК жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.