Бүгін Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде Әбіш Кекілбайұлының «Дәурен кешкен» атты жыр жинағының таныстырылымы өткізілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбілқайыр Байпақов қаламгердің биылғы 85 жылдық мерейтойы қарсаңында қолға алынған бастамалар мен атқарылып жатқан іс-шаралар туралы айтты. «Дәурен кешкен» атты жыр жинақтың жарыққа шығуы осы мерейтой қарсаңында ұйымдастырылып жатқан алғашқы шаралардың бірі. Кітапты құрастырып, алғысөзі мен түсініктерін жазғандар – Yessenov University профессоры Ә.Қабылов және PhD докторант Б.Жайлауов.
Салтанатты шараны университет президенті Берік Ахметов ашып, ел азаматтарын, зиялы қауым өкілдерін, оқырман қауымды ортақ қуанышпен құттықтады.
- Қазір Мемлекет басшысы тарапынан ғылымға үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Ғылымға деген қолдау аясында біз университет аясында «Ғылым айлығын» ұйымдастырып жатырмыз. Осы айлықтың қарсаңында абыз ағамыз Әбіш Кекілбаевтың осы күнге дейін жарық көрмеген туындыларын біздің ғалымдарымыз паш еткелі жатыр. Күз айында ағамыздың 85 жылдық мерейтойы ұйымдастырылып жатыр. Бірақ біз бұл күнді күтпей - ақ осы «Ғылым айлығының» ішінде Әбіш Кекілбайұлының жаңа жинағының тұсаукесерін жасап, оқырмандарға тезірек жол тартқанын қалап отырмыз. Біздің қазіргі уақыттағы үлкен миссиямыз - жас буынға ақынның шығармашылығын жеткізу, - деді университеттің президент - ректоры Берік Ахметов.
«Поэзия – Жаратқан иенің әманда жалғыздық торындағы пенделерімен пейілдессін, пікірлессін деп әдейі жаратқан ақ қанат періштесі», - деп Ә.Кекілбаевтың өзі айтқандай, ақын шығармалары адамзат баласына ғұмыр бойы рухани қызмет етіп өтпек. Осы орайда, Әбіш Кекілбайұлының шығармашылық жолының ешқашан тоқтамайтынын айтып, белгілі профессор Өмірзақ Озғанбаев жиында сөз сөйледі.
- Дара Әбіш. Дана Әбіш. Әбіш ағамызбен бірге жұмыс жасау, оның қасиеттерін жақын жерден көру, байқау, ғибрат алу, онымен қатар жүру - осының бәрі менің маңдайыма бұйырған шаруа. Онымен бірге болып, бірге жүру Әбіштің адамгершілігін жақын жерден көріп, байқауға, оның ұлағатты, дана азамат екенін көріп білуге мол мүмкіндік берді. Менің бүгін азаматтарға ерекше көңілім толып отыр. Себебі, олар жарық көрмеген, сандықта жатқан Әбіштің өлеңдерін жинап, кітап қылып шығарғандары өскелең ұрпаққа үлкен мұра. «Адам өлген күні өлмейді, ұмыт болған күні өледі» деп бекер айтылмаған. Әбіштің өлеңі де, сөзі де елменен қайта қауышып отыр. Бүгін сахнаға көтерілген жастар Әбіштің өлеңдерін оқып жатыр. Мұның барлығы Әбіштің сөздерінің ешқашан да өлмейтіндігін көрсетеді. Сонымен қатар, біздің Түркиядан келген ағайынымыз, туысымыз, түріктің профессоры бүгін Әбіштің түрік тіліне аударылған шығармаларын да таныстырды. Әбіш тек қана өз елінде емес, бүкіл түрік дүниесінде, бүкіл адамзатқа ортақ тұлға, - деді тарих ғылымының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев.
Феномен ақынның тырнақалды кітабының тұсаукесеріне университетет ұстаздары мен студенттері, арнайы қонақтар қатысты. Қонақтар қатарында Түркиядан арнайы келген түрік профессоры, ғылым докторы Орхан Сөйлемез де болды. Шараның басты мақсаты - өскелең ұрпаққа абыз ақынның шығармашылық жолымен таныстырып, оны ұлықтау, көрсету.
Жиында ел ағалары атынан Ө.Озғанбаев пен Д.Сейбағытов салтанатты түрде жаңа кітаптың лентасын қиып, алғашқы даналарын оқырман қауымға таратты.