Ақтау қалалық соты 31 а және 31 б шағынаудандар арасындағы жолда балаларды қағып кеткен Р. -ға қатысты қылмыстық істі қарады. Жол-көлік оқиғасы былтыр 29 қарашада орын алған еді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
"Nissan" көлігін тізгіндеген жүргізуші абайсызда кәмелетке толмаған қос жаяу жүргіншіні қағып кеткен еді. Балалар әр түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Қыз бала сол күйі есін жимастан, қайтыс болды. Прокурор жүргізушіні белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып, 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы Р. және оның қорғаушысы соттан жазаны жеңілдетуді өтініп сұрады.
"Сот жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәні мойындауды, соттылықтың жоқтығын, мінез-құлқының оң сипаттамасын таныды. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Денсаулыққа абайсызда орташа ауырлықтағы зиян келтіру және абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол жүру ережелерін бұзғаны үшін 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейінгі мерзімге айыру түріндегі жаза көзделген", - деп түсіндірді сотта.
Сот үкімімен Р. жәбірленуші тараптың пікірін ескере отырып, 3 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 1 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.