Ақтау қаласының тұрғыны Раушан Мұналова мемлекеттік бағдарлама аясында байқауда жеңіске жетіп, грант қаражатына волейбол секциясын ашты. Қазір аталған орталық балаларды спортқа баулып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Раушан Мұналова 2022 жылы «Бастау бизнес» кәсіпкерлікті дамыту курсын бітірген. Ол бірден 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде бизнес – идеяларды іске асыру үшін грантқа өтінім берді. «Волейбол мектебін ашу» бизнес-жобасын қорғап, комиссия мүшелерінің шешімі негізінде 400 АЕК есебінде грант ұтып алды.
Қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Раушан «Маңғыстау» құрама командасында 18 жылдан аса тәжірибесі бар ойыншы. Ал жаттықтырушы ретінде 5 жылдық тәжірибесі бар.
-Мен алдыңғы жылы мемлекеттен грант байқауына қатысып, жеңіске жеттім. Қазіргі таңда сол қаражатқа құрал-жабдықтарды алып, волейбол секциясын ашып алдым. Қазірдің өзінде шәкірттерім нәтиже көрсетіп жатыр. Секцияға жазылған балалар да көп, деді грант иегері.