Дүниежүзі бойынша сирек кездесетін ауруға шалдыққан маңғыстаулық 3 жасар бүлдіршінге құны 13 млн 144 мың теңге тұратын «Цистадан» препараты сатып алынды, деп хабарлайды mangystaumedia. kz облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл дәрімен бүлдіршінді облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «Қазақстан халқына» қоры қамтамасыз етті.
2022 жылдың наурыз айында бүлдіршіннің ата-анасы Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасына жүгінген. Басқарма басшылығы науқасты тез арада дәрімен қамтамасыз ету үшін «Қазақстан халқына» қорына хат жолдаған.
Кейін аталған қор тарапынан қолдау көрсетіліп, қаржы бөлінген. 6-қаңтар күні «Цистадан» атты препараттың 25 құтысы Маңғыстау облысына жеткізілді. Бір құтының құны 525 мың 780 теңге. Цистадан - бұл ұнтақ түріндегі препарат. Енді дертке шалдыққан науқас аталған дәріні қабылдап бастайды.
Гомоцистинурия дерті организмді метиониннің маңызды амин қышқылын өңдеуге кедергі келтіретін ауру түрі. Ауру әдетте нәрестелерге өмірдің алғашқы жылдарында әсер етеді. Ал, аурудың сирек кездесетін түрлері балалардың салмағының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Жалпы әлем бойынша аталған дертке 11 бала шалдыққан. Соның бірі Маңғыстау облысында тіркеліп отыр.