© фото tengrinews.kz
Қазақстанның Ұлттық ұланында қызмет ететіндердің барлығы кәсіби мерекелерін атап өтеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Тәуелсіз Қазақстан құрылғалы жатқан тұста еліміздің тұңғыш Президенті Қарулы Күштерді, оның ішінде ішкі әскерлерді, қазіргі Ұлттық ұланды құру туралы шешім қабылдады. 1992 жылы 10 қаңтарда тәуелсіздік жарияланғаннан кейін құқық тәртібін қорғау үшін алғашқы армия құрылды.
1992 жылы 23 маусымда ішкі әскерлердің қызметтік және жауынгерлік қызметінің негізгі құжаты болып табылатын «Қазақстан Республикасының Ішкі әскерлері туралы» Заң қабылданды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы Жарлығымен бекітілген жаңа құжатқа сәйкес, ішкі әскерлерге маңызды стратегиялық экономикалық және инфрақұрылымдық объектілерді, оның ішінде мұнай операцияларын жүргізуді қорғау, аса қауіпті құқық бұзушылықтардың алдын алу сияқты жаңа міндеттер жүктелді. Диверсиялық және лаңкестік әрекеттер, заңсыз қарулы топтармен күресу де бар.
2014 жылғы 21 сәуірде еліміздің тұңғыш Президенті Қазақстан Республикасының ішкі әскерлерін Ұлттық ұланға айналдыру туралы Жарлыққа, 2015 жылғы 10 қаңтарда «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» заңға қол қойды.
«Осылайша, Ұлттық ұлан ішкі әскерлердің азаматты, қоғамды, оның құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де заңсыз қол сұғушылықтардан қорғауға бағытталған дәстүрлерінің жалғастырушысына айналды. Бүгінде Ұлттық ұлан сарбаздары күнделікті қырағылық пен табандылық танытып, азаматтардың тыныштығын қорғауға, қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетуге, оның ішінде табиғи апаттар немесе өрттер кезінде халыққа дер кезінде көмек көрсетуге қызмет етуде.
Ұлттық ұлан қатарында өз өмірін қатерге тігіп, әскери борышын лайықты атқарып, ерліктің үлгісін көрсеткен офицерлер аз емес. Бұл бүгінгі күннің қаһармандары: халық қаһарманы, полковник Қайрат Үмбетов, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің және «Әскери ерлігі үшін» медалінің иегері капитан Отарбаев Ерол, Дильшат Әшімов, Салауат Үмбетқалиев, Жандос Баянбаев, Нұрасыл Мүбараков, Денис Чернышов, Сырым Сүндетов, Бақтияр Қайырбеков», - дейді «Батыс» Өңірлік қолбасшылығының командирінің орынбасары полковник Б.Алазов.
10 қаңтар – Ұлттық ұлан әскерилері үшін айтулы күн, дейді 5517 әскери бөлімінің командирі подполковник Сағындық Әлайдаров, өйткені Ұлттық ұланның тарихы еліміздің тарихымен тығыз байланысты.
«Еліміз егемендік алған тұста құрылған армиямыз тәуелсіздік жылдарында мемлекетімізбен бірге есейіп, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Әскери қызметшілеріміз алдағы уақытта да өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаратынына сенімдімін. Осы мерекелі күні Ұлттық ұланның жеке құрамына, ардагерлерге бақыт, зор денсаулық және табыс тілеймін», - деді С.Алайдаров.