Маңғыстауда облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті,деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Комиссия жұмысына кәсіподақ ұйымдарының, мұнай-газ секторы компанияларының басшылары, мердігерлер, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Әлігер Іңкәров еңбек қатынастарын тұрақтандырудың маңызды міндеттеріне тоқталды.
Оның айтуынша, өткен жылы мұнай-газ саласында 56 ұжымдық дау тіркелген. Бұған жұмысшылар еңбекақысының мөлшері, қызмет көрсету тарифтерінің көтерілуі, ұзақ мерзімге қызмет көрсетуге жағдай жасалмауы сияқты мәселелер себеп болған.
Осы ретте жиында жауапты мамандармен бірлесіп, еңбек дауларының алдын алу, жұмыс беруші мен жұмысшы арасында қарым-қатынас орнату, тиісті ақпараттық, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, еңбекақы төлеу мәселелері талқыланды.
- Жұмысшылар кәсіпорынның дамуына және оның тұрақты жұмыс істеуіне үлес қосуы керек. Тиісінше, жұмыс берушілер де қызметкерлердің басты әлеует және басты құндылық екенін түсінуі керек. Яғни, бұл екі тараптың бірлескен қызметі. Кәсіпорындар өз міндеттемелері аясында жұмысшыларға жағдай жасауы маңызды. Сонымен қатар мекемелердегі материалдық-техникалық база мен қызметкерлердің әлеуетін дамыту арқылы бәсекеге қабілеттілігін арттыруы керек. Сонда ғана олар нарықтан лайықты орнын ала алады», – дейді Нұрлан Ноғаев.