Ақтауда 11 шағынаудан автомобиль жолдарына шұңқырлы жөндеу жұмыстары басталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- 11 шағынаудан ішілік жолдардың жөндеуді қажет ететін жерлеріне шұңқырлы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда мамандар шұңқырлы жөндеу жұмыстарына дайындық, яғни шұңқырларды кесу жұмыстарын жүргізуде. Қала аумағындағы жөндеуді қажет ететін шағынаудандардың тізіміне сәйкес биыл 50 мың шаршы метрге жуық шұңқырлы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған, - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ғазиз Сағынғалиев.
Аталған жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады. Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі жүргізушілерден жасалып жатқан жұмыстарға байланысты маршрутты алдын ала ойластыруды және уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұрайды.