Қала әкімінің халыққа есеп беру кездесуінде Ақтау тұрғыны Арайлым Асанқызы «Достық» ғылыми-әдістемелік орталығы алдындағы жүргіншілер өткелі жанынан бағдаршам мен жол белгілерін орнату қажеттілігін айтып, мәселенің осы күнге дейін шешімін таппауына наразылығын білдірді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
«Бұл мәселені мектептің қамқоршылық кеңесінің төрайымы ретінде 4 жыл бұрын қозғаған едім. №3 мектеп 5 шағынауданға арналған жалғыз қазақтілді мектеп екендігі мәлім.1,2,3а,3б, Приморский елді мекендерінен оқушылар қатынайды. Өтінішке 200-ден астам ата-ана қол қойды. Бәрі нәтижесіз . «Достық» ғылыми-әдістемілік орталығы» алдындағы жол өткеліне бағдаршам мен бейнекамераны, сондай-ақ алыстан жоғары жылдамдықпен жүйткіп келе жатырған жүргізушіге ескерту жасайтын жол белгілерін орнатуды өтіндім. Уақыт өте жауапты қызметкерлер жылдамдықты сағатына 40 шақырымнан асырмау белгісін асфальтқа сызған екен. Бірақ менің ойымша бұл белгі көлік жүргізушісіне алыстан мүлдем көрінбейді. Жол бойына оқушылардың мүсіндерін орнату керек. Ерсілі-қарсылы өткен оқушылардың қауіпсіздігі қатаң назарда болса деймін. Жазатайым оқиға орын алса, кім жауап береді. Жыл сайын бюджеттің нақтылауына енгізу қарастырылуда деген бір жауап беріледі»,-деді Арайлым Асанқызы.
Қала әкімдігінің жауапты тұлғалары бюджеттен қаржы бөлінгендігін, қараша айының аяғына дейін бағдаршам орнайтынын айтып, ал жол белгілеріне қатысты мәселе жол полициясы басқармасымен бірлесе шешімін табатындығын жеткізді.