Бұл туралы халықпен есеп беру кездесуінде қала әкімі мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Ақтау қаласын ауыз сумен «МАЭК-Казатомөнеркәсіп» ЖШС қамтып отыр. Қазіргі таңда қысқы мезгілде тәулігіне тұтынылатын ауыз су көлемі 28 - 30 мың текше метрді құраса, жаз мезгілінде тәулігіне -52 мың текше метр ауыз су пайдаланылады. Алайда жаз мезгілінде ауыз су көлемінің қажеттілігі 67 мың текше метрге дейін өсуіне байланысты 15 мың текше метр су көлеміне тапшылық туындайды.
«Жаз мезгілінде су тұтыну көлемі ұлғаяды. Сәйкесінше «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС өндіретін және қалаға жеткізетін ауыз су көлемінің жетіспеуі су қысымының төмендеуіне сеп болады. Сондықтан көпқабатты үйлердің жоғары қабаттарындағы пәтерлерге су құбыр бойымен көтерілмейді.
9 қабаттан биік тұрғын үйлердің жоғарғы қабаттарына су жеткізу үшін осы жылдың маусым айында КЖСА тарапынан 28 млн. 654 мың теңге бөлініп, 52 су сорғыш құрылғысы (насос) сатып алынып, оның 46-сы №13,27 және 28 шағынаудандағы 9 қабатты тұрғын үйлерге орнатылды, қалған 6-ын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, осы жылдың аяғына дейін 48 млн. 956 мың теңгеге дәл осындай 80 су сорғыш құрылғысын сатып алуға тапсырыс берілді. Оларды №4,5,6,7,8,9,11,12,29 шағын аудандарға және 33-шағынаудандағы көпқабатты тұрғын үйлерге орнату жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, жаз мезгіліндегі су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында «СК Строй Монтаж» ЖШС-нің инвестициясына қаланың солтүстік бағытынан қуаттылығы тәулігіне 20 мың текше метрді құрайтын су тұщыту зауытының құрылысы салынып жатыр. Биыл тәулігіне 5 мың текше метр ауыз суды өндіру жоспарланып отыр. 2024 жылдың басына дейін тәулігіне 20 мың текше метр ауыз су өндірісі іске қосылады деп күтілуде» - деді қала әкімі.