“Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек,- деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында.
Осылайша «25 қазан – Республика күні» араға 13 жыл салып арамызға ұлттық мәртебесін алып қайта оралды.
Биыл алғаш рет тойланып жатқан еңселі мереке қарсаңында еліміздің әр өңірінде ұлттық идеологияны жаңғырту мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі, жуырда Маңғыстау облысында орналасқан 390-шы теңіз-жаяу әскери бөлімінде мектеп жасындағы оқушылардың бойындағы отансүйгіштік қасиетті ояту, әскери қызметті насихаттау мақсатында ауқымды шара өтті.
Сарбаздардың бір күндік өмірінен сыр шертер кездесуге Ақтау қаласының 11 мектебінен 200-ге жуық оқушы қатысты. Олар әскери бөлімдегі күнделікті қолданыстағы қару-жарақтармен, құрылғылармен, киім кию үлгілерімен танысты.
Шара аясында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев оқушыларға әскери қызметтің абырайлы міндет екенін, еліміздің аумақтық тұтастығын, тәуелсіздігін және азаматтарымыздың тыныштығын сақтауда ҚР Қарулы күштерінің маңызы зор екенін айтып өтті.
Одан соң әскерге келгендеріне 6 ай болған жас сарбаздар оқушыларға қару-жарақты шашып-жинауды үйретті, әскери бөлімдегі арнайы құрылғылармен таныстырды.
-Бүгін 390-шы теңіз-жаяу әскери бригадасында Республика күніне орай мектеп оқушыларына арнап «Ашық есік күні» өтіп жатыр. Мақсатымыз – өскелең ұрпақтың бойындағы отансүйгіштік қасиетті ояту, әскерге деген көзқарастарын өзгерту. Бұл игі іс-шара өткен жылы басталған болатын. Болашақта да өз жалғасын табады. Ата-бабаларымыз қасық қаны қалғанша аттан түспей қорғаған кең байтақ жерімізді көздің қарашығындай сақтау - біздің басты міндетіміз. Сондықтан бүгінгі таңда өсіп келе жатқан іні, бауырларымыздың жүректеріне отан қорғау қасиетін бекіту аса маңызды деп ойлаймын, - дейді зиниттік дивизион командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары гвардия майоры Дәрменбаев.
Ашық есік күніне қатысқан оқушылар да сарбаздардың бір күндік өміріне куә болып, қару-жарақтарымен танысқан сәттерін жоғары бағалады.
-Бүгінгі шара менің әскери қызметке деген қызығушылығымды одан әрі оятты. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылу керек деп ойлаймын. Жалпы әскери қызметке деген қызығушылығым қазақтың жауангерлері туралы түсірілген киноларын көруден басталған болатын. Ендігі арманым – оқуымды сәтті аяқтап, Қарағанды қаласындағы ІІМ академиясына оқуға түсіп, болашақта полиция қызметін тізгіндеу,-дейді Ақтау қаласындағы №11 мектеп лицейінің 11 сынып оқушысы Асхат Кусбусинов.
Мемлекет басшысы әскери қызметшілердің кәсіби деңгейін арттыру, меритократия қағидаты негізінде мансапты өсіру мақсатымен әскери білім беру және кадрлық саясат жүйесін дамыту мәселелеріне баса мән беріп, әскери қызметшілер мен әскери қызметтің әлеуметтік мәртебесін арттыру және жастарды әскери борышын өтеуге ынталандыру қажеттігі туралы айтқан болатын. Осы орайда 390-шы теңіз-жаяу әскери бөлімінде өткен жылы сарбаз болып келіп, борышын адал атқарып, биыл қызметке қалып, еңбек етіп жүрген әскери қызметкерлер де бар екен.
-2021 жылы осы әскери бөлімге борышымды өтеуге келдім. Қазіргі таңда осы әскери бөлімде кіші сержант лауазымында зиниттік дивизионда қызметімді атқарудамын. Бүгін келген оқушыларға зиниттік құрылғыны таныстырып, білгендерімді үйретудемін. Әскери бөлімде жағдайым жақсы. Жұмысым өзіме ұнайды,-дейді кіші сержант Рафхат Тәукенов.
Әскери қызметке Мемлекет тарапынан қашан да қолдау бар. «Мемлекеттің егемендігі мен тұтастығының жалғыз кепілі – Қарулы Күштер. Елімізді сыртқы қауіп-қатерден қорғап тұрған әскери қызметшілерді мемлекет әрдайым қолдайды,-деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кету керек, биыл Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл құжаттың мақсаты – арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілердің әлеуметтік-құқықтық жағдайын жақсарту, оларға және олардың отбасы мүшелеріне тұрғын үйге құқықтарын жүзеге асыруда тең мүмкіндіктер орнату, әскери қызмет туралы заңнамадағы қайшылықтар мен олқылықтарды жою.
Айгүл Орынбаева
Суреттерді түсірген Талант Құсайын