Ақтауда қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Асқар тауың - әкең қымбат» әкелер форумы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әкелер күні қарсаңында ұйымдастырылған форумға ардагерлер, қоғам белсенділері, жастар, білім, спорт, мәдениет және денсаулық саласының мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Шара барысында спикерлер отбасындағы, бала тәрбиелеудегі әкенің рөлі, отбасы маңыздылығын қалыптастырудағы білім ошақтарының орны және баланың бойындағы қабілеттерді арттыру тақырыбында сөз қозғады. Форум «Отбасы институтын нығайту» жобасы аясында жүзеге асырылды.
-Форумның мақсаты – өңірімізде әкелер институтын дамыту, отбасылық құндылықтар насихаттау. Спикерлер қатарында ардагер ұстаз Бақтылы Себепбай, бала тәрбиелеу мәселесін Астана қаласынан келген бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мұхит Амантаев, «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аят Сүгірбай және айтыскер ақын Арғын Бисенов бар. Олар форум қатысушыларына әкенің жауапкершілігі мен әкеге деген құрметтің маңыздылығын түсіндірді. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады, - деді «Бала жолы» қоғамдық қоры қорының директоры Таңат Жолдыбаев.
Шараға қатысқандардың бірі «Jas wave» жастар кеңістігінің көшбасшысы Ислам Нұрқожаев. Оның айтуынша, форум әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға септігін тигізеді.
-Әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі зор екендігі айқын. Ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруда әкенің балаға беретін тәрбиесі маңызды. Мұндай шаралар әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға септігін тигізеді, - деді «Jas wave» жастар кеңістігінің көшбасшысы Ислам Нұрқожаев.