Ақтау қалалық тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің өкілдері мен пәтер иелері тұтынушы кооперативінің мамандары тұрғындарға жылу батареяларындағы айналма, қосалқы құбыр(перемычка) болуының маңызы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мамандар пәтер иелеріне жылу батареялары балконда орналаспау керектігін түсіндірді. Қызмет көрсетуші мекеме өкілінің айтуынша, жылу батареяларының балконда орналасуы жалпы тұрғын үйдегі жылу айналымына кедергі жасайды.
- Кейбір пәтерде жылу батареялары балконда орналасқан. Заң бойынша олай болмауы керек. Себебі бұл жалпы тұрғын-үйдің жылу айналымына кедергі жасайды, - деді қызмет көрсетуші мекеменің өкілі.
Жауаптылар жылу батареяларының жанында міндетті түрде екі көлденең айналма, қосалқы құбыр(перемычка) болуы керектігін айтты.
Мамандардың сөзінше, бұл қосалқы құбыр пәтер иелері батареядағы ысырмаларды (вентильдерді) жауып тастаса да, басқа пәтерлерге жылу кедергісіз жетуіне мүмкіндік береді.
Сондай-ақ қалалық тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің мамандары әрбір тұрғын-үйдің жертөлесіндегі жылу торабында температуралық кесте болуы қажет екендігін түсіндірді.
- Тұрғын үйді жылыту жүйесі барлық пәтердегі батареялармен тығыз байланысты. Егер де жылу тұрғын-үйіңіздің жертөлесіне кедергісіз келсе, ол сіздің пәтеріңізге де баруы қажет. Жылу тұрғын-үйдегі барлық пәтерге жету үшін батарея мен құбыр арасындағы ысырмалар(вентильдер) ашық тұруы керек. Тіпті ол вентильдерді жапқан жағдайда да басқа пәтерлерге жылу баруы үшін батарея жанында екі көлденең айналма, қосалқы құбыр(перемычка) болуы керек. Егер пәтеріңізде жылумен қандай да бір мәселе туындаса, тұрғын үйіңіздің қызмет көрсетуші мекемесіне жүгінгеніңіз жөн, - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің инспекторы Айдар Ыбрай.