23 қарашада тұрғындар 14 шағынаудан жағалауында қаңғыбас иттердің атылғанына куә болды. «Үміт Маңғыстау» қоры ұсынған кадрларда кейбір иттердің чипі болғаны, яғни стерилизацияланғаны байқалады. Бұл ретте ақтаулықтардың пікірі екіге жарылды. Бірі оқ атуды қатыгездік деп санаса, енді бірі өзін және балаларын қаңғыбас жануарлардан қорғауды талап етеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Иттерді ұстау бойынша тендерді ұтып алған компания тұрғындардың шағымы бойынша әрекет етіп жатқанын айтты.
- 24 қазан күні кешке 5 шағынаудандағы аттракцион аумағында ит тістеп алды. Кешкі уақытта аттракциондарды күзетшінің орнына иттер күзетеді. Сол жерде үш ит бар, тіпті таңертең қоқыс контейнерлеріне бару мүмкін емес. Контейнерлерді аралап шыққаннан кейін иттер 5-20 мекенжайындағы дүкенге барады. Менен кейін сол ит тағы 3 адамды тістеп алды», – дейді Ақтау қаласының тұрғыны Роза Қартамысова.
«Redmaya» жеке кәсіпкері айтуынша, соңғы бір айда 3-тен астам азамат қаңғыбас иттен зардап шеккенін айтып, хабарласқан. Негізінен иттер 14 және 15 шағынаудандарда жүрген.
– Зардап шеккендер өзін ғана емес, үй жануарларын да тістеп алғанын айтады. Сондай-ақ бізге қаңғыбас иттер агрессия танытып, балаларын қорқытатыны туралы 100-ден астам шағым түсті. «Redmaya» жеке кәсіпкері «Үміт Маңғыстау» панажайының директорына 19 рет хабарласты. Алайда панажай ешқандай шара қолданбаған. Бізде азаматтарға шабуыл жасау және олардың денсаулығына зиян келтіру фактілері туралы фото/бейне жазбалар бар», - деді ит аулаушы мамандар.
«Үміт Маңғыстау» қоры бұл мәлімдемемен мүлдем келіспейді.
– Күндіз теңіз жағалауында балалар мен әйелдердің көзінше заңға қайшы барлық итті атып тастады. Олар барлығына бейберекет оқ жаудырды, иттерді өлтірді. Оның ішінде мүдделі азаматтардың есебінен емделіп, стерилизацияланған «Үміт Маңғыстау» қорының қамқорлығындағы иттер де бар. Ату/ұстау және стерилизациялаумен айналысатын «Redmaya» жеке кәсіпкері бұрын зарарсыздандырылған иттерді де агрессивті деп ұстайды. Неліктен бұл бірінші аулау кезінде ашылмады, неге иттер бір шеңберде жүрді? Алдымен стерилизациялау үшін ақша алу, кейін, ату ма? - деп қор еріктілері желі парақшасына жазды.
Ұстау мамандары Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы заңды алға тартты.
- Жоғарыда аталған заңның 4-бабы 4-тармағының 1-тармақшасына сәйкес «жануарлар адамдарға немесе өзге де жануарларға шабуыл жасаған кезде және жануар адамдардың, жануарлардың өміріне немесе денсаулығына, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қауіп төндіретін басқа да жағдайларда» - қызметімізді орындау жануарларға қандай да бір жасалған қатыгездік деп танылмайды. Азаматтармен байланыстық, оларға шабуыл жасалғаны расталып, көз жеткеннен кейін біз бос отыра алмадық. Сондай-ақ заңның 15-бабының 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес жануарларды өлтіру жануардың (жануарлардың) адамға, жануарларға және (немесе) өзгелерге шабуыл жасаған кезде орындалатынын атап өткен жөн. Жасаған әрекетіміздің құжаттық дәлелі бар», - деді «Redmay» жеке кәсіпкері.
Бүгін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында еріктілер мен аулау мамандары бас қосады.