Ақтаулық тұрғын 27 шағынаудан 49 үй маңындағы қопарылған жолдың әлі де тегістелмей жатқанына шағымданды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бұл туралы ол Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграм каналына видео жолдады. Айтуынша, мына жолмен адам жүру мүмкін емес.
- Су кетіп, ауыз су құбырына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Кейін тегістеп беруін өтінген едік. Міне, тегістеп бергеннен кейінгі жолдың жайы осы. Тас, топырақ, жүру мүмкін емес. Балалардың сабақтан қайтар жолы қалай болса, солай шашылып жатыр. Мына жерге брусчатка төсейді ме, қайтадан асфальттап бере ме, білмеймін, әйтеуір бұрынғы қалпына келтіріп беріңіздер, - деді тұрғын.
Шағымнан кейін "Каспий жылу, су арнасы" баспасөз қызметі жолға топырақ пен қиыршық тас төсеп беретінін мәлімдеді.
Ал Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі биыл 50 000 шаршы метр шағынауданішілік жолын шұңқырлы жөндеуден өткізуге уәде берді.
- Осы мақсатта қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер жүргізілуде және жөндеуді қажет ететін учаскелердің тізбесі жасалуда. Мердігер мекеме анықталғаннан кейін конкурс нәтижесі бойынша кестеге сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Тізімге 27 шағынаудан енгізілді, - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі.
Сонымен қатар Шығыс-2 мен 16 шағынаудан тұрғындары да асфальтталған жолға жете алмай жүр. Тұрғынның айтуынша, былтыр қала әкімі Ұлықбек Тналиев Шығыс-2 шағынауданына 1 қабат болса да асфальт төсеуге уәде берген. Алайда қала әкімі берген уәдеден тайып, жұмысты кешіктіріп жатыр. Жауапты мекеменің айтуынша, бұған ауа-райының қолайсыздығы себеп болған.
Ал Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің айтуынша, 16 шағынауданда құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес 2024 жылдың III тоқсанына дейін басталады.