Yessenov University жанындағы Теңіз академиясы мен «Кеме техникасы және сервис» ЖШС арасындағы дуальді білім беру туралы меморандум мен келісімнің тармақтарын іске асыруды жалғастыру аясында Дмитрий Донских «Кеме электр станцияларын пайдалану» мамандыңының 3 курс студенттерімен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен бірге, оқу орнының басшылықтың шақыруымен контр-адмирал Ратмир Комратов та арнайы келді.
Ратмир Комратов 1982-1991 жылдары КСРО Қорғаныс министрлігінің 992-ші әскери өкілдігінде кіші әскери өкілден, осы өкілдік бастығының орынбасарлығына дейін қызмет атқарған. Кейін әскери-теңіз базасының командирі, Әскери-теңіз күштері қолбасшысының орынбасары болып қызмет жасап, 2-ші дәрежелі «Даңқ» Орденімен марапатталған. Бүгінгі күні ол елімізден шыққан тұңғыш контр-адмиралы атанды.
Ол студенттермен кездесуде өзінің әскери өмірге қалай келгендігі, жастар ұрпақтарына әскери-патриоттық тәрбие беру, әскери-теңіз күштерін құру және дамыту туралы айтып өтті. Бүгінгі таңда еліміздің әскери-теңіз күштері Каспий теңізінің қазақстандық секторында Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының мызғымастығын, аумақтық тұтастығын, егемендігі мен экономикалық мүдделерін қорғау міндеттерін абыроймен атқарып келетіндігі жайында баяндады.