Мұндай бейнероликтер сеанс алдында көрсетіледі. Өңірдегі кинотеатрлар Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Салық төлемесең не болады?», «Қарызсыз демалыс!», «Цифрлық өнімдер» тақырыбындағы әлеуметтік роликтерді көрсету бастамасын қолдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық МКД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көрермендер тағылымды әрі көңілді бейнероликтерді облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері дайындағанына таң қалды.
«Түсіндірудің осы форматы арқылы заманауи салық жүйесі туралы көрсетіп, бюджеттің не екенін және оның құрамдас бөліктерін, елдің, облыс пен қаланың өмірінде салықтардың рөлі қандай екенін түсіндіреді. Салық төлеушілерге арналған ұялы байланыс қызметтері туралы айтылады. Ал жеке тұлғалардың төлейтін салықтарына, жалпыға бірдей декларациялауға ерекше көңіл бөлінетін болады. Көрермендер салық төлеушілердің міндеттерімен де, құқықтарымен де таныса алады», - деді Ақтау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Бауыржан Тоқабаев.
Жұлдызай Қалиева