Ақтаудағы 32А-шағын аудан №12-үйдің тұрғыны Ғани Есентеміров өз ауласында 30-ға жуық ағаш отырғызған. Оның басым көпшілігі жеміс ағаштары, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ғани Есентеміров былтыр қалалық байқауда «Үздік аула» номинациясын жеңіп алған. 38 жастағы қала тұрғыны отбасымен бірге ауласындағы жасыл желектерді күтіп, баптайды. Олар жасыл желектерді арам шөптерден тазартып, уақытылы күтім жасайды. Ауласын жасыл желекке жайнатқан Ғани Есентеміров 4 баланың әкесі. Ол бүгінде ҚР пауэрлифтинг бойынша халықаралық санаттағы пара спорт шебері. Айтуынша, ағаш отырғызу оның сүйікті ісіне айналған.
- Жалпы ағаш отырғызу, оны баптау менің хоббиіме айналды. Қолым босаған уақытта ауланы тазартуға асығамын. Қазір үйіміздің маңында 30-ға жуық жасыл-желек бар. Басым көпшілігі жеміс беретін ағаштар. Олардың қатарында өрік, айва, миндаль, грек жаңғағы бар. Аулада роза гүлдері де өседі. Жасыл желектерді тамшылатып суару әдісімен суарамыз. Балаларымды абаттандыру және тазалық жұмыстарына тартып, еңбекке баулып жүрмін. Жас ұрпаққа еңбектің қадірін ұғындырып қана қоймай, қоршаған ортаны таза ұстаудың маңызыдылығын да үйреткен дұрыс деп есептеймін, - деді Ғани Есентеміров.