Түпқараған ауданында Каспий теңізіне балық аулауға шығып жоғалып кеткен екі тұрғынды іздеу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Дінмұхаммед Пірімжанның айтуынша кешенді іздеу жұмыстары әлі тоқтаған жоқ.
"3 сәуір күні таңертеңгі уақытта Форт Шевченко қаласынан Қызыл Өзен ауылы бағытына қарай Үрдек (Асан) теңіз жағасынан шамамен 25-30 шақырым қашықтықта екі адам ашық теңізге шыққаны туралы хабарлама түсті. Белгілі болған мәлімет бойынша 1985 және 1982 жылы туған 2 ер адам теңізге 2 сәуірде кешкі сағат 22:30 шамасында үрлемелі қайықпен балық аулауға кетіп, қайта оралмаған. Бұл екі азаматта балық аулау торы болған. Шақырту түскен сәттен бастап іздестіру-құтқару жұмыстары басталып, жалғасып жатыр", - деді Дінмұхаммед Пірімжан.
Оның айтуынша, ауданның екі тұрғынын іздеу жұмыстары әзірге нәтижесіз болып отыр.
"Әлі күнге дейін іздестіру-құтқару жұмыстары нәтиже берген жоқ. Жоғалған екі азаматтың нақты қай жерден, қай бағытқа қарай шыққанын анықтау қиындық тудырып отыр. Департаменттің сүңгуір құтқарушылары туындаған қиындықтарға қарамастан іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі күні іздестіру-құтқару жұмыстарына Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамынан 44 адам, 6 бірлік техника, 7 бірлік жүзу құралы, 1 бірлік ұшқышсыз ұшу аппараты, ҰҚК Шекара қызметінен 21 әскери қызметкер, 1 кеме,«Қазавиақұтқару» АҚ 3 адам, 1 бірлік Ми-8 тік ұшағы жұмылдырылды", - деді азаматтық қорғау аға лейтенанты Дінмұхаммед Пірімжан.