2 қазан күні қала әкімі Ұлықбек Тналиев Шығыс-2 шағын аудан тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар қала әкіміне жол мәселесін туралы айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шығыс-2 ш/а ішкі жолдарына жауапты мердігер мекеме - «Алтын жол» ЖШС. Аталған шағын аудан ішкі жолдарының көпшілігінде асфальт жабындысы жоқ. Одан қалса қиыршық тас төселмеген. Тұрғындар қиыршық тас төсеу кезінде мамандардың тұрған құдықтарды ескермей, құдық үстін қиыршық тас төсеп тастауына шағымданды.
-Жұмыс кезінде құдықтарды ескеру керек қой. Тұрған құдықты қарамай грейдер әкелді де көміп тастады. Құдықты тазарту жұмыстарын өзіміз жасадық. Мердігер мекеме жұмысты сапалы жүргізуін сұраймын, - деді «Шығыс-2» шағын аудан тұрғыны Қалнияз Қартбаев.
Қала әкімі жауаптыларға қиыршық тасты төсеген кезде мұқият болуды тапсырды.
-Жұмыс жасаған кезде барлығын ескеру қажет. Қиыршық тас төсеген кезде жолда тұрған құдықты да ескеріп, мұқият болу керек. Мердігер мекеме қызметкерлеріне барлығын сапалы жасауды тапсырамын, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.
Жоспар бойынша жауаптылар «Шығыс-2» шағын ауданның ішкі жолдарына құмды-қиыршық тас төсеу жұмыстарын қыркүйек айында аяқтау қажет. Мердігер мекеме директорының айтуынша, интернет желісінің сымдарын қайта қазып, орнын ауыстыру жұмыстарын жүргізуге ұзақ уақыт кеткен.
-Қиыршық тас төсеу жұмыстары кеш жасалып отырғандығы рас. Себебі интернет желісінің сымдарын қайта қазып, орнын ауыстыру жұмыстарын жүргізуге ұзақ уақыт кетті. Қайта жасақталған жұмыс кестесі тұрғындар чатына жіберілді, - деді «Алтын жол» ЖШС директоры Бекмұрат Сейсенов.
Қала әкімі мердігер мекеме басшысына жыл соңына дейін тас жолдың бір қабатын төсеуді тапсырды.
-Тұрғындардың айтқан мәселесі ескерусіз қалмауы керек. Сондықтан жыл соңына дейін тас жолдың бір қабатын төсеу жұмыстарын аяқтауды тапсырамын. Күн салқындамай тұрғанда жұмысты тоқтатпай, жеделдету керек, - деді қала әкімі.