Ақтау қаласының 60 жылдығына орай президенттік көпсайыстан ел кубогы өтіп жатыр. Жарысқа Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, БҚО, СҚО мен Маңғыстау облысының құрама командаларынан жалпы саны 96 көпсайысшы қатысуда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қатысушылар оқ ату, жүзу, снаряд лақтыру, спринт және төзімділікке жүгіру бойынша бес күн бойы бақ сынайды.
Алдымен оқ ату бойынша үздік көпсайысшылар анықталды. Бүгін жарыстың ашылу салтанаты және 50 және 100 метр қашықтықта еркін жүзуден біріншілік өтті. Жарыстың ашылу салтанатында Ақтау қалалық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А. Я. Кумбаев және «Динамо» ҚҚҚ ҚБ МОФ төрағасының бірінші орынбасары Т. С. Сатханов сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Екі күндік жарыстың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының командасы алда келе жатыр. Ал ертең 1а шағынауданындағы «Каспий» стадионында снаряд лақтыру бойынша жарыс өтеді. Ал 28 және 29 сәуір күні «Маңғыстау арена» СК жеңілатлетикалық стадионында 60 және 100 метрге жүгіру, сондай-ақ төзімділікке жүгіру бойынша жарыстар өтеді.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер 29 сәуір күні анықталады.